«Жеке бастың қамы ұлттық мүддеден жоғары»: атаққа таласқан ақын-жазушылардың қоғамда қадірі жоқ

Қазақтың ақын-жазушылары атаққа, марапатқа тоймайды. Мемлекеттік атақ пен марапатқа жаны құмар зиялы қауым өкілдерін билік те, қоғам, оқырман да қадірлеуден қалған. Жақында ғана өмірден өткен жазушы Дулат Исабековтің асында танымал ақынның Мемлекеттік сыйлыққа қатысты айтқан сөзі қоғамда көп талқыға түсті. Бұл оқиға бұған дейін елдің есінде қалған ақын-жазушылардың марапатқа деген таласы, бір-біріне деген өкпе-реніштерін еске түсіріп қана қоймай, осы бір жексұрын әдеттің әлі де жойылмағанын көрсетті. Qazaq.today тілшісі қазақ қоғамында зиялы қауым өкілдері «саналған» адамдардың бойында жиі кездесетін әдеттің себебін анықтап көруге тырысты.

Аты кеңінен тамымал, оқырман сырттай тау тұлға санайтын ақын-жазушылардың сан түрлі даулы, бірін бірі тірісінде қадірлемей күстелеумен өткені баспа беттері арқылы белгілі. Қанағат Әбілқайыр атаққұмарлық, марапатқа талас алдыңғы толқынмен тоқтап, кеңестің кезінен келе жатқан үлкендермен бірге кетеді деген ойда болғанын айтады.

«Бізде о баста, кеңес дәуірінде ақын-жазушы ғана емес кез келген сала маманы идеология қызметкері болды. Бәрі советтік идеологияға қызмет етті. Түбі құлдықтан ажырамаған, совет келіп көзін ашқан қаратабан да, билікке амалсыз бас ұрған бай-бағлан да сол советтік идеологияның құрбаны. Ал, кітапқа, шығармашылыққа келсек, кешегі кеңес дәуірін көрген жандар үшін кітабын үкімет шығарып беру, соған орай қаламақы, сыйлық беру міндет сияқты болған. Соған үйреніп қалған алдыңғы толқын әлі де үкіметтен, қалталылардан үміт күтеді, жалтақтайды. Ал, кейінгі толқын заманына бейімделіп, өз еңбегімен өсіп келе жатыр. Жолын тауып кітабын шығару, оны жарнамалап жақсы бағаға өткізу бір ізге түспесе де тоқсаныншы жылдардағы тоқыраумен салыстырғанда әжептәуір ілгерілеу бар. Өзіңіз айтқан шетелдерде арнайы әдеби агенттіктер жұмыс істейді. Жазушы тек жазуымен ғана айналысады. Өкінішке қарай, бізде ол әлі дұрыс жолға қойылған жоқ. Сондықтан, «Кітабымды шығарып бер, таратылуына көмектес» деп, үлкендер ғана емес, ішінара жастар да өзгелерге өтініш қылып жатса түсіністікпен қараған жөн шығар», — деген ойын айтты жазушы, журналист Қанағат Әбілқайыр.

                                                  Ақын-жазушылар үшін марапаттың маңызы

Жалпы шығармашылық тұлғалар еңбегінің мойындалуы мен марапатқа деген ұмтылысы психологиялық тұрғыдан қалай түсіндіріледі? Әсіресе ақын-жазушылар еңбегін мемлекет немесе қоғам мойындаса, олар үшін ерекше мотивация болмақ. Олардың көбі өздерінің жазғандарына бола билік атақ берсе шығармасының салмағы да, өзінің болмысы да ауырлай түседі деп санайды. Бермесе бәлсінеді, реніштерін ашық айтып, атақ ала алмай жүргендерін міндетсінеді. Алайда, бұндай пенделік ойдан жоғары, мемлекеттік атақтан бас тартқан, билікке жалтақтамай, өз ортасынан теперіш көрсе де шын мықты екенін қажырлы еңбегімен дәлелдеген және өлмес шығарма қалдырған бір ғана адам ел есінде. Ол — жазушы Мұхтар Мағауин.

«Мемлекеттік сыйлық – менің бейітімнің басындағы көк құлпытас емес» деп сол өзі айтқан Мемлекеттік сыйлықтың иегері (қазір), ақын Светқали Нұржанның сөзін мысалға келтіргенімізбен, қанша жерден, марапатты қажетсінбейтіндей көрінсе де, қазақтың ақын-жазушылары бұл сыйлыққа өте құмар. Атаққа аса құмарлық пен жазғандарын марапатқа бұлдауды психология басқаша баяндайды. Бұл тұрғыда белгілі психолог Жаннұр Дәуренбекованың пайымы басқаша. Психолог аталған құбылысты Абрахам Маслоудың «қажеттіліктер пирамидасы» арқылы түсіндіреді. Оның айтуынша, адамға өз еңбегінің мойындалуы, құрмет пен қошеметті сезіну маңызды.

«Көптеген шығармашылық адам үшін еңбегінің мойындалуы маңызды. Олардың ылғи назарда болуы, өзін құнды сезінуі, қоғамның құрмет көрсетуі – психологиялық қажеттілік. Оған дәлел ретінде Маслоудың «құрмет пен мойындау» деңгейінің маңызын келтіруге болады. Бұл – шығармашыл тұлғаларға тән психологиялық мотивация», – дейді психолог.

Мемлекеттік сыйлықтың маңызын арттыратын тағы бір фактор – оның тек моральдық емес, материалдық сипаты. Мәселен, «Халық жазушысы», «Еңбек сіңірген қайраткер», «Мемлекеттік сыйлық лауреаты» дейтін атақтар тек абырой ғана емес, арнаулы сыйақылар мен әлеуметтік жеңілдіктер де ұсынады. Осыдан екі-үш жыл бұрын бейресми ақпаратта Мемлекеттік сыйлық иегеріне берілетін қаржы көлемі бұрындары 50 мың доллар екені айтылып еді. Мұның өзі күнкөріске көмектескендіктен ақын-жазушылардың марапатқа деген қызығушылығын арттыра түседі.

                                          Мемлекеттік сыйлықтағы ақын-жазушылар дауы

Мемлекеттік сыйлыққа қатысты дау-дамай бұған дейін де бірнеше рет қоғамда қызу пікірталас туғызған. Мысалы, 2008 жылы әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған екі ақын қажетті дауыс жинай алмағандықтан, сыйлық ешкімге берілмеген. Сол кезде әдеби ортада бұл әділетсіз шешім деп бағаланып, біраз сын айтылған еді. Ал шығармасы өтпеген ақындар: Жәркен Бөдеш, Серік Ақсұңқарұлы. Бірақ араға біраз жыл салып, ақын Серік Ақсұңқарұлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Белгілі ақын-жазушылардың марапатқа қол жеткізе алмай қалуы қашанда дау туғызады. Мәселен, көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ – Мемлекеттік сыйлыққа бірнеше рет ұсынылғанымен, оны алмай кеткен қаламгерлердің бірі. Бұл жағдай оның ғана емес, жалпы әдеби ортаның наразылығын туғызған еді.

Қоғам белсенділері мен қарапайым адамдардың түрлі оқиғаларға пікір білдіруі көбірек. Есесіне, шығармасында тілді, Отанды, жерді, ананы жырлайтын әлгі ақындар немесе осы тақырыптарды өмірінің мәні қылып көрсететін жазушылар шынайы өмірде орын алып жатқан әділетсіздіктерге, қоғамдық пікір білдіруге келгенде жұмған аузын ашпайды. Ел, жер тағдыры талқыланған маңызды сәттерде зиялылардың бұғып қалуына Қанағат Әбілқайырдың жауабы дайын.

                                         Қолдан жем жеген құлқын қамқоршысына қарсы шықпайды

«Қазақта «тұзы жеңіл» деген сөз бар ғой, дәл қазір ақын-жазушылардың тұзы тым жеңіл болып тұр. Ерінбеген екінің бірі «Осылар-ақ атаққа тоймайды екен», «Осылар-ақ сыйлыққа таласып жүреді екен» немесе «Осылар халықтың мұң-мұқтажын неге айтпайды?», «Ел басына күн туғанда бұлар қайда қалды?» деп сынға алып жатады. Бір есептен бұлары орынды. Орынды болатыны, кеңестік идеология арқылы алдыңғы толқынды масылдыққа, мойынсұнуға үйретіп тастаған. Кітабын шығарып береді, бүкіл елге таратады, қомақты қаламақы береді, демалыс орындарына жібереді, кезегімен атағын үлестіреді, кезегімен баспанамен қамтиды. Соған орай, керек кезінде биліктің саясатына пайдаланады. Сондықтан да қолдан жем жеп қалған құлқын қамқоршысына қарсы шықпайды. Дегенмен, бұл күллі ақын-жазушы сондай екен деген сөз емес. Мәселен, желтоқсан оқиғасында Колбинге бас шұлғығандар да, С.Шәймерденов, Ж.Молдағалиев, С.Әшімбаев сынды қарсы шыққандар да болды. Мұндай жағдай Жаңаөзенде де қайталанды. Құқығын талап еткен жұмысшыларды билікке еріп қаралаған да, жақтаған да қаламгерлер бар. Демек, бір жақты пікір айтуға болмайды», — деді жазушы

                                          Нарцистикалық фактор мен шығармашылық амбиция

Психоанализ тұрғысынан алғанда, марапатқа деген ұмтылысты «нарциссизм» және «амбиция» ұғымдарымен де байланыстыруға болады. Психолог Жаннұр Дәуренбекова кейбір қаламгерлер үшін марапат өздерінің «бірегейлігін» дәлелдеу құралы екенін айтады.

«Кейбір қаламгерлер марапатты өзгенің мойындауынан гөрі, өздерінің бірегей тұлға екенін сезіну үшін қажет деп санайды. Бұл жерде нарциссизмнің рөлі де үлкен болуы мүмкін. Дегенмен марапатқа таласуды тек негативті құбылыс деп қарастыруға болмайды. Бұл – шығармашылық әлеміндегі табиғи процесс. Алайда егер марапат адамның басты мақсатына айналып, ол үшін күрес өмірінің мәніне айналса, бұл психологиялық тұрғыдан дабыл қағарлық белгі болуы мүмкін», – дейді психолог.

                                            Қазақ әдеби ортасындағы марапат жүйесінің өзгеруі

Кеңес заманында мемлекеттік марапаттар биліктің идеологиялық құралы ретінде қолданылғаны белгілі. Ал қазіргі кезде әдеби сыйлықтар жүйесі біршама өзгергенімен, белгілі бір деңгейде ескі дәстүр берік сақталғанын жоққа шығара алмайсың. Атаққа талас – бұл психологиялық, әлеуметтік және материалдық факторлармен байланысты. Психологтар мұны адамның мойындалуға деген табиғи қажеттілігі деп түсіндіреді.

«Дегенмен марапат жазушы үшін мақсаттың шыңы емес, шығармашылық жолындағы бір белес қана болуға тиіс. Ең бастысы – қаламгерлердің шығармашылығы оқырманға рухани азық болып, әдебиеттің дамуына үлес қосқаны маңызды. Ақын болсын, жазушы болсын, ең бастысы – жаны сау адам болсын!», – деп сөзін түйіндеді психолог Ж. Дәуренбекова.

                                     Атаққа ұмтылу пенделік психологиясын қанағаттандыру

Жазушы жеке бастарының қамын ұлттық мүддеден, халықтың  проблемасынан жоғары қойған соң билік зиялылармен санасудан, қадірлеуден қалды деп санайды. Тіптен, мансапқа масайып, шалқайып, атақ алғанын бәлсіну жас буынның арасында да белең алған. Ал шығармасы арқылы танылған тұлғалар биліктен ұрпағына тек жылы кресло мен жақсы қызмет сұрайды. Ұлт мүддесін үнсіз қалдырады.

«Атаққа келсек, соған құштарлық қазір тіпті үдеп кеткен сияқты. Өзіңіз айтқандай, президентке, жоғары лауазымды тұлғаларға кіре қалған ақын-жазушының басым бөлігі ұлына, немересіне қызмет сұрайды, үй немесе атақ сұрайды. Осы арқылы билікке де қадірсіз. Жоғарыда айтылған Колбин алдымен Жазушылар одағына келді, өйткені олардан қаймықты. Н.Назарбаев алғаш сайланғанда азулы деген ақын-жазушыларды қабылдады, өйткені санасқысы келді. Келе-келе екеуінің де қаламгерлердің жеке бас қамы ұлттық мүддеден жоғары тұрғанына көздері жетті. Содан билік те, халық та қадірлеуді қойды. Мысалы, руға, жерге бөліну, атаққа, сыйлыққа таласу алдыңғы толқынмен кете ме деп үміт қылушы едік, өкінішке қарай кейінгілер арасында да белең алып барады. Бұған бір себеп, қазіргі әлеуметтік жағдай ма деп ойлаймын. Бір ғана айлықпен отбасын асырап отырған қаламгер үшін қосымша табыс көзі керек. Екі жұмыс істеуге уақыт жетпейді немесе лайықты жұмыс табыла қоймайды. Қолынан келетіні жазу ғана. Яғни, жазғанын үкілеп бәйгеге қосады, кітап қылып шығаруға, соны сатып пайда табуға жан салады. Сыйлыққа құштарлықтың бір сыры осында болса керек. Ал, атаққа ұмтылу — өзіндегі олқылықты толтыруға, өзгеден озық тұруға, пенделігін қанағаттандыруға ұмтылу деп ойлаймын», — деді жазушы, журналист Қанағат Әбілқайыр.

Фотоколлаж: Qazaq.today