Жамбыл облысында туған анасын пышақтап өлтірген адам сотталды

Жамбыл облысында анасын өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жамбыл облыстық сотында апелляциялық тәртіпте адам өлтіру бойынша айыпталған К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

2024 жылы қыркүйекте мас күйде болған сотталушы жанжал салдарынан ас үй пышағымен анасының кеуде тұсына қасақана мақсатты соққы жасағаны анықталған, әйел оқиға орнында көз жұмды.

Сот отырысында сотталушы өкініп, кінәсін ішінара мойындап, өлтіру ниеті болмағанын, бәрі кездейсоқ болғанын айтып көрсетті.

Бірінші сатыдағы сот кінәні ішінара мойындауы мен жасаған ісіне өкінуін және соттылығы болмауын жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, оған 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алайда ер адам жазамен келіспей, бас бостандығынан айыру мерзімін қысқартуды сұрады.

Апелляциялық сатыдағы сотта Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы іс материалдарын зерделеп, 1-ші сатыдағы соттың қорытындыларын заңды және негізді деп, ал К.-нің кінәсі дәлелденген деп таныды.

Осылайша үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.