Жамбыл облысында 8-сынып оқушысын өлтірген үш оқушы сотталды

Жамбыл облысының соты кәмелетке толмаған оқушыларға үкім шығарды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Кәмелетке толмаған сотталушылар  алдын ала сөз байласу арқылы, Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы мектептің әжетханасында 8-сынып оқушыларын жинап, бағыну мен нұсқауларын орындауды талап етіп, ұрып-соққан.

Кеудесінің сол жақ бөлігінен алған соққылардың салдарынан бір оқушы оқиға орнында қайтыс болған.

Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып,  Л.Н.-ға 6 жыл 8 айға, Л.Л.-ға 6 жыл 8 айға, Т.-ға 1 жылға бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды.

Мемлекет кірісіне сот сараптамаларына жұмсалған процестік шығындар, жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлі төлем, сондай-ақ  жәбірленуші тараптың пайдасына сотталғандар Л.Н.-нің заңды өкілінен 6 млн. теңге, Л.Л.-дің заңды өкілінен 5 млн теңге моральдық зиян өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.