Жалғас Жұмағұлов титулды жекпе-жек өткізеді

Фото: Әлеуметтік желі

Жалғас Жұмағұлов Еуропадағы ең ірі ММА промоушендердің бірінде титулдық жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

28 маусым күні Германияның Гамбург қаласында өтетін чехиялық Oktagon турнирінде (Oktagon 73) Жұмағұловтың (17-9) қарсыласы аса жеңіл салмақтағы (57 кг) қазіргі чемпион — грузиялық Бено Адамия (12-8) болады. Турнир 15 мың орындық Barclays Arena-да ұйымдастырылады.

36 жастағы Жұмағұлов Oktagon промоушенінде алғашқы жекпе-жегін 9 қарашада өткізіп, Уэльс өкілі, бұрынғы үміткер Аарон Абиді төрешілер шешімімен жеңді.

Ал 28 жастағы Адамия чемпиондық белбеуді 22 ақпанда жеңіп алған — ол төрешілер шешімімен ағылшын Сэм Кризиден (19-6) басым түсті. Грузиялық спортшы қатарынан алты жекпе-жекте жеңіске жеткен, оның үшеуі — Oktagon ұйымында.

Чехиялық Oktagon — Еуропадағы жетекші ММА лигалардың бірі. Олар турнирлерін стадиондарда жиі өткізеді: Кёльнде – 18 000, Прагада – 20 000, ал Франкфуртте тіпті – 50 000 көрермен жинаған. Oktagon-нан UFC-ге алты спортшы өткен, олардың ең танымалы — UFC-дегі алғашқы өзбекстандық Махмуд Мурадов.