Бүгін бірқатар БАҚ-та Қарағанды облысында мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшысы мен ХҚКО басшысының орынбасары жүк автокөлік құралдарын заңсыз бастапқы тіркеу фактісі бойынша ұсталғаны туралы ақпарат шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ орталық аппараттың Ішкі қауіпсіздік қызметі аталған қылмыстық іс шеңберінде Қарағанды облысының Экономикалық тергеу департаментінің тергеу-жедел тобына толық жәрдем көрсеткенін мәлім етті.
Ұсталған қызметкерлердің көліктердің бастапқы тіркеу алымы мен утилизациялық алымды төлеуден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көлік құралдарының VIN-кодтары бойынша жалған деректерді енгізгені анықталды. Айта кетейік, 2021 жылы жүйенің мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциясы болмағандықтан жалған ақпарат енгізу мүмкіндігі болды. Одан кейін уәкілетті органмен бірлесіп, көлік құралдарының деректерін қолмен енгізу мүмкіндігін қолжетімсіз еткен жаңа ақпараттық жүйе енгізілді және соның нәтижесінде махинациялық схема жойылды.
Айта кетейік, Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Ішкі қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері бұзушылықтарды анықтау үшін тұрақты негізде ішкі тексерулер жүргізіліп, одан кейін тергеу үшін құқық қорғау органдарына жолданып отырады.