«Ж.Асанов ұсыныс берген»: БҚО шаруа қожалықтары мәселе шешілмесе наразылыққа шығатындарын ескертті

БҚО-да үш мыңға жуық шаруа қожалығы наразылыққа шығатындарын ескертті. Мал бағып күн көретін шаруалардың ашынуына ет өнімдерін өткізіп отырған зауытқа шенділердің бөгет жасауы себеп болып отыр. «Кублей» зауыты жабылса, қожалықтардан басқа, 700-ге жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі  Azattyq Ruhy сілтеме жасап.

Даудың басы 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергенінен басталған. Әкімдік 2014 жылы Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, 2020 жылдың мамыр айында зауыттың санитарлық қорғау аймағынан көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін қаулыны шығарып жіберген. Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, өндірістік аймақты тұрғын үй салатын жер деп өзгертіп, өтіп кеткен уақытпен заңдастырмақ болған.

«Енді судья шешім шығарудың орынына тараптарды татуластыру сатысына өтеміз, шешім шығарылмайды, бұл іс қоғамда үлкен резонанс алды, сондықтан да татуласу керек дейді. Соттың шешімінен кейін «не арба сынатынын, не өзгіз өлетінін» біліп тұр. Бұл жерде бейтарап шешім жоқ. Өйткені Орал қаласы әкімінің қаулысы заңсыз шығарылған. Уәкілетті органдардың келісімі жоқ. Егжей-тегжейлі жобасы Орал қаласының бас жоспарына сәйкес болуы керек. Сәулет-қала құрылысы туралы талаптарға сай өнеркәсіптік аумақтарда тұрғын үй салуға тыйым салынған. Заңның аты – заң ғой енді.

Қоршаған ортаны қорғау схемасы жоқ, егжей-тегжейлі жоспарды дайындау тапсырмасы жоқ. Оларда негізгі уәкілетті органның қорытындысы, 8-9 уәкілетті органның келісімі, қала құрылысының топографиялық суреті, қала құрылысы зоналарын растайтын жоспар болуы керек. Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды, экологиялық сараптаманың қорытындысы болуы қажет. Оның ешқайсы жоқ»,- деді заңгер Бақытжан Базарбек.

Бақытжан Базарбек заңсыз қаулыны 2020 жылы Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбековтың шығарағанын айтты. Сондай-ақ екі жылдан бері созылып келе жатқан іске қатысы бар деген өзге де лауазымды тұлғалардың атын атады.

«Орал қаласының әкімі болған, қазір БҚО әкімі аппаратының жетекшісі Абат Шыныбековтың, БҚО әкімі Ғали Есқалиевтың, Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Күлбаевтың үстінен іс қозғаймыз. Біз бұл істі бостан-босқа қалдырмаймыз», — деді заңгер.

ӘКІМДІК ТЕКСЕРІСТІ 6 АЙ ҚАСАҚАНА ЖҮРГІЗБЕГЕН… 

2020 жылы тұрғын үй құрылысы басталған сәттен бастап, «Кублей» зауытының өкілдері әкімдікке, прокуратураға, мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау мекемесіне, қалалық, облыстық сотқа арыз түсірген. Соның нәтижесінде облыстық сот 2020 жылдың 28 желтоқсанында сол кезде Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбековтің шығарған қаулысын негізсіз деп таниды. Десе де, соттың шешіміне қарамастан, бірнеше аптадан кейін БҚО әкімдігіне тікелей қарасты мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау мекемесі «Ирменова» жеке кәсіпкерлігіне құрылыс жұмысын монтаждауға рұқсат береді.

«2020 жылы 28 желтоқсан күні облыстық соттың шешімі шыққаннан кейін, Ғали Есқалиевке тікелей бағынатын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тұрғын үйді салуға рұқсат құжаттаманы бере бастайды. Зауыттың 6 ай бойы бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Ешкім қарамайды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы алты ай бойы тексерісті ашпады. Сондай-ақ сол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысы мен Ерменовтердің үйін дайындаған жобалау компаниясының басшысы туған ағайындылар болып шықты. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу керек еді. Бірақ оны жай ғана қызметтен босата салған. Бірақ ең үлкен залал қандай дейсіз ғой? Алты ай бойы тексерісті ашпағаннан кейін, Ерменовтер бүкіл үйді соғып, аяқтап, сатып жіберген», — деді Бақытжан Базарбек.

Алты ай уақыт бойы талап-арыз түсірген «Кублей» зауытының өкілдері амалдың жоғынан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне шағымданған. Министрлік ұйғарым шығарып, соның негізінде тексеріс ашылыпты. Содан бері осы уақытқа дейін іс сотта қаралып келеді.

ӘКІМДІК ЗАҢМЕН ДЕ САНАСПАЙДЫ…

Ал зауыттың жанына үй салуға рұқсат берген әкімдік кәсіпорын 100 метрлік санитарлық аумақты бекіту үшін, алдымен жергілікті әкімдікке өтініш жазуы керек еді деп отыр.

«Кублейдің» Жер кодексінің 121-бабына сәйкес санитарлық режимі бекітілмеген. 2015 жылы санитарлық шешімді алған кезде жобаны дайындап, қала әкімдігінің қаулысымен бекіту керек еді. Сол қаулымен бекітілсе, құрылыс компаниясына рұқсат бермес едік», — деді Орал қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Ерболат Каримов.

Алайда заңгер Бақытжан Базарбек ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйырығы бойынша өндірістік нысандардың санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеу бойынша мұндай талаптар әкімдікке өтініш жазу арқылы бекітілмейтінін жеткізді. Яғни, бұл талаптар арнайы ережемен онсыз да бекітіліп қойған.

«Әкімдіктің бір ғана уәжі бар және ол негізсіз. Бұл – Жер кодексінің 121-бабының 1-тармағы. Онда егер де жерді мемлекет берсе, онда кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағын әкімдік белгілейді делінген. Бірақ Жер кодексі санитарлық қорғау аймағын реттейтін акт емес. Ол тікелей нормаларға сүйенеді. Яғни, Жер кодексінің 121-бабы 4-тармағы санитарлық нормаларға сілтеме жасайды. Бізде бекітілген өндірістік кәсіпорындардың санитарлық аймағын бекіту туралы  норма бар ғой. Ол жерде әкім қаулы шығару керек, «Кублей» зауыты әкімге арыз беруі керек деген сөз жоқ. Ол қайдан шыққан нәрсе? Ойдан шығарылған нәрсені сотта айтуға болмайды ғой.

Санитарлық нормаларда нақты жазылған, егер де өндірістік кәсіпорынның қорытындысы болса, сол жеткілікті. Біздің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындымыз бар», — дейді заңгер.

ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫ ЖАҚЫП АСАНОВ ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТТІ ТЕКСЕРМЕСТЕН СОТТЫҢ ШЕШІМІН БҰЗҒАН

Сот жүріп жатқанда Жоғары сот төрағасы Жақып Асановқа тұрғын үйдің иелері арыз берген. Төраға сотта үшінші тараптың пікірі тыңдалу керек дегеген ұсыныс жібереді. Сондай-ақ ол ұсыныста «зауыттың негізі бөлігі бұл аумақта емес, қаладан тысқары орналасқан» деп көрсетіледі.

«Жақып Асанов жалған мәліметтерге қарамастан, мәліметтерді тексермей кассациялық инстанцияға ұсыныс береді. Сол ұсыныстың нәтижесінде біздің пайдамызға шығарылған облыстық соттың заңды шешімі бұзылады. Сөйтіп, осы қазір болып жатқан сотқа түседі.

Біздің ақпаратымыз бойынша, Асановтың ұсынысын дайындаған оның кеңесшісі және секретариаттың басшысы. Өндістергі судья тиісті қорытынды берді. Бірақ оны қабылдамай қойып, Асанов өзі ұсынысқа қол қойып жіберген.  Өзінің ұсынысында ол «Кублей» зауытының қазір тұрған жерінде әкімшілік ғимарат пен бір ғана цех бар деп көрсеткен. Ал зауыттың өзі қаланың сыртында делінген. Бұл жалған мәлімет.

Оның бәрін біз соңына дейін зерттейміз. Бұл іске қатысты бәрінің аты-жөнін білеміз. Асановтың өзі Жоғары соттың төрағасы бола отырып, қалай қол қойып жіберген?!

Біреу арам пиғылмен жалған мәліметтерді ұсынысқа енгізсе, шынайылыққа сәйкес келмесе, не үшін Жоғары соттың төрағасы болып отыр?», — деп отыр заңгер Бақытжан Базарбек.

Айта кетейік, бұл жайтқа қатысты Azattyq Ruhy редакциясы ҚР Жоғары сотына арнайы сауалхат жолдады. Сондай-ақ редакция зауыттың орналасқан жеріне барып, нысандарды түгел аралап шықты. Белгілі болғандай, Орал қаласынан 10 шақырым жердегі Деркул кентінде зауытқа жеткізілетін ет жіліктелетін қасапхана бар. Дәл сол жердегі цехқа 2 500-ден астам шаруа қожалығы күн сайын 250 ірі қара мен 7 мың бас қойын әкеп сатады. Содан кейін мал дәрігерлері төрт түлікті түгел тексеріп, артынша малдың бәрі сойылады. Шаруа қожалықтары малымызды сатып алатын облыста басқа ірі ет комбинаты жоқ дейді. Егер зауыт жабылса, үнсіз қалмаймыз, бәріміздің де бас көтеруімізге тура келеді деп отыр.

«Ауылда мал өткізудің өзі проблема. «Кублей» компаниясы ашылғалы бері ауылдың шаруа қожалықтарының бәрі осы жерге келіп малын өткізіп жатады. Сондықтан зауыттың жұмыс істеп тұрғаны бұл  батыстағы ағайынға үлкен көмек. «Кублей» сияқты ет өңдейтін комбинаттар жоқ. Үнсіз қалмаймыз әрине, біз сонда ауылда өсіріп жатқан малымызды қайда жібереміз?», — дейді «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Темірболатұлы.

«Сырым ауданы Бұлдыртау ауылынан келіп тұрмын. Осы «Кублейге» ет алып келдік. Түске дейін 12 бас, түстен кейін 10 бас әкелдім. Басқа жерге өткізгеннен қарағанда, осы жерге өткізген тиімді. Малды тірідей алып келеміз, салмағын қалай өлшеп жатқанын, сойып жатқанын бәрін көріп тұрамыз. Ешқандай проблема жоқ, бәрі жақсы. Бізге осы жер ыңғайлы, сондықтан жабылмауын қалаймыз. Оған мен ғана емес, басқа шаруа қожалықтары да, жеке кәсіпкерлер де қарсы», — дейді «Жазықбай» шаруа қожалығының жетекшісі Бағдат Ермекұлы.

Еті мен сүйегін цехта жұмыс істейтін 300-ге жуық қасапшы ажыратып, етін қаладағы зауытқа жеткізіп келеді.

«Сойылған малдың ет өнімдері бордақыланып, сүйектен жіліктеліп, ажыратылады. Әрі қарай тоңазытқышқа салып зауытқа жеткізіледі. Күніне зауытқа 50 тонна өнім жібереміз», — дейді «Кублей» цехының өндіріс меңгерушісі Жұмағали Мейрамбек.

«Кублейде» жұмыс істегеніме 8 жылдан асты. Менің қолымда диплом жоқ, осы «Кублей» мені өсірді, өндірді. Көп халықтың аузынан осы «Кублей» жабылайын деп жатыр» дегенді естиміз. Егер жабылса, мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. Жұмыс табу қиын, әрине. Мұндай жақсы айлық Орал қаласында жоқ. Талабым – сөзімнің жоғары жаққа жеткенін қалаймын, «Кублей» зауытының жабылғанын қаламаймын», — деді қасапшы Аманжол Әдет.

Ал қаладағы зауытта консервіленген өнім банкілерге басылып жабылады. Осылайша, «Кублей» зауытының жүздеген дайын өнімі Орал қаласының өзінде шығарылады.

Айта кетейік, дәл осы зауытта консерві банкілері де дайындалады.

«Өзіңіз білесіз, жұрттың көбі қазір ипотекалық үйде отыр, жастар үйлене сала пәтер жалдап тұрып жатыр. Себебі үй ала қоятын мүмкіндік жоқ. Сондықтан бәрі де қорқып отыр. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан 600 кісінің әрқайсының отбасы бар. Оған қоса, шаруа қожалықтары да бар. Бәрін есептегенде, мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ауылдардан келіп жұмыс істеп жатқандар көп, көбісінің білімі жоқ. Олар қара жұмысшы ретінді істеп жүр. Зауыт жабылып қалған жағдайда, олар қайда барады? Қазір балық, ет жасайтын мамандар керек емес. Тек бізге ғана керек», — дейді «Кублей» зауытының бас технологы Гүлжазира Кенжеғалиева.

ҚҰЖАТСЫЗ, ҚҰРҒАҚ УӘДЕГЕ СЕНГЕН ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Біз сұхбаттасқан тұрғын үй иелері бір бөлмелі пәтерді 6, екі бөлмелі үйді 7 миллион теңгеге сатып алған. Мұндай жағдайға тап болатынымызды білгенімізде, Ерменовтердің  құрылыс компаниясына жоламайтын едік дейді.

«Осы жерде тұрып жатқанымызға 8 ай болды. Су, жарық, жылу, бәрі бар. Бірақ құжатымыз жоқ. Басында 30 пайызын төледік, содан кейін жөндеу жұмысын бастағанда толық төлем жасап тастадық. Сот істі уақытша тоқтатып тастады. Енді біз қанша күтетінімізді білмейміз. Әрине, мұндай болатынын білгенде, бұл жерден пәтер алмайтын едік», — дейді құрылыс компаниясына алданып қалған тұрғынның бірі Бауыржан Душаканов.

«Әрине, бәріміз ол кезде құрылыс компаниясына шағымданамыз. Әрі қарай әкімдікке барамыз, сәуелет-қала құрылысына барамыз. Олар біздің мемлекеттік орган болған соң, басқа қайда барамыз? Басқа баратын жеріміз де жоқ. Бірақ бізге құрылыс компаниясы «ақшамызды қайтарып береді, басқа жерден үй алып береді» дегенге сенбеймін. Үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді, оны компания қайтарып береді деп те ойламаймын. Әкімдік апатты тұрғын үйлердің адамдарын көшіре аламай отырғанда, бізді қайда апарады?», — дейді Динара Исабекова.

«Қазір сол қолма-қол алған кредитті төлеп жүрміз. Бірақ қолымызда пәтердің құжаты жоқ. Қазір қолда ешқандай құжат жоқ. Негізі, мен үйді алғанда құжаттарды қараған жоқпын. Бірақ мұнда заңгерлер де тұрады. Олар құрылыс компаниясына келіп, құжаттарын қарап, сосын ақшаларын салды», — дейді Алина Құрманова.

ЗАУЫТ ТАЛАБЫНАН БАС ТАРТПАЙДЫ…

Егер де соттың шешімі «Кублей» зауытының пайдасына шығарылмаса, 2024 жылы зауытқа тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілмейді. Бұл дегеніміз, экологиялық сараптаманың қорытыныдысы болмайды деген сөз. Ал бұл құжаттар болмаса, онда тауарларға декларация берілмейді. Дәл осы себептен кейін «Кублей» тарапы судья айтқан ымыраға келе алмаймыз деп түсіндірді.

«Сотқа ықпал етіп отырған күштерді біліп отырмыз ғой. Біз ымыраға келмейміз. Заң біздің пайдамызда. Қандай ымыра, кіммен ымыраға келеміз? Әкімдікпен ба? Біз тұрғын үй иелерімен соттасып жатқанымыз жоқ. «Кублей» зауыты тікелей әкімдікпен соттасып жатыр. Ымыра болмайды. Біз соңына дейін барамыз», — деп нақтылады «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек.

Айта кетейік, зауытта барлығы 600-ден астам адам жұмыс істейді, бір тәулікте 600 мың консерві шығарып, 8 мемлекетке тауар экспорттайды.

23