Зеленский Трамппен Ватиканда не жайлы сөйлескенін айтты

Украина Президенті Владимир Зеленский Ватиканда өткен жеке кездесуде АҚШ-тың президенті Дональд Трамппен «толық және сөзсіз атысты тоқтату» мәселесін талқылағанын мәлімдеді. Бұл туралы Зеленский өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады Qazaq.today.

Кездесу Папа Римский Францисктің жерлеу рәсімі қарсаңында, Ватиканның Әулие Петр Базиликасында өтті. Зеленский мен Трамптың сұхбаты шамамен 15 минутқа созылып, өте мазмұнды және шынайы сипатта өткен.

«Жақсы кездесу болды. Көп нәрсені талқылап үлгердік. Енді сол әңгімелердің нақты нәтижелерін күтеміз. Ең бастысы — халқымыздың өмірін қорғау және атысты толық әрі сөзсіз тоқтату мәселесі», — деп жазды Украина басшысы X әлеуметтік желісінде.

Зеленский бұл кездесуді «тарихи маңызы бар символикалық қадам» деп атап өтті. Оның айтуынша, Украина сенімді әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізуді көздейді.

«Рақмет, Президент Дональд Трамп!» — деп алғысын білдірді Зеленский.

Сондай-ақ, «Суспільне» телеарнасына берген сұхбатында Зеленский кездесуде өте «сезімтал мәселелер» көтерілгенін айтты.

«Біз бейбітшілікті жақындату жолдарын, Париж бен Лондондағы кездесулердің оң нәтижелерін талқыладық. Мұндай кездесулерді жалғастырып, Украина үшін тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз,» — деді ол.

Айта кетейік, Дональд Трамп пен Владимир Зеленский соңғы рет Ақ үйдегі кездесу кезінде, ақпан айында, келіспеушілікке байланысты бетпе-бет жүздескен болатын. Бұл жолғы Ватикандағы кездесу екі ел арасындағы жаңа диалогтың бастауы болуы мүмкін.