«Заңсыз қажылық»: Меккеде қайтыс боған қажылардың саны 1,3 мың адамға жетті

Сауд Арабиясында қажылық кезінде 1,3 мыңнан астам қажы қайтыс болды. Бұл туралы корольдіктің денсаулық сақтау министрі Фахд бен Абдель Рахман аль-Джаляджель мәлімдеді, деп жазады ТАСС агенттігі. Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, қажылық кезінде 672 мысырлық қажы қайтыс болса, олардың тек 31-іне ғана Сауд Арабиясы билігі арнайы виза берген. Қалғандары тіркелмей, заңсыз парызын өтеуге келгендер.

«Қажылық кезінде қайтыс болғандар саны 1301 болды, олардың 83 пайызында тиісті виза болмаған», — деді министр «Әл-Ихбария» мемлекеттік телеарнасында.

Сауд Арабиясындағы бірнеше араб елдерінен келген дипломатиялық дереккөздің хабарлауынша, тіркелмеген қажылар кондиционері бар демалыс орындарын пайдалана алмай, тәртіп сақшылары қажылық визаларын тексеретін бақылау-өткізу пункттерінен жалтарып, ашық күн астында ұзақ сапарға шығуға мәжбүр болған. Қатты аптап ыстықта созылмалы аурулары асқынып, физикалық тұрғыдан шаршап, қайтыс болған. Көбіне егде жастағы адамдар көз жұмды.