Қызылордада көлік қаққан ер адам тіл тартпай кетті

Қызылордада 26 қараша күні кешкі уақытта жаяу жүргіншіні көлік қағып, бірнеше метрге ұшып түсті. Ер адам алған жарақатынан тірі қалған жоқ, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Қайғылы оқиға орнынан түсірілген фото жарияланды. Оқиға Қорқыт ата көшесінде кешкі уақытта болды.

Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші жоғары жылдамдықпен келіп, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ер адамның басы жарылып, алған жарақатынан сол жерде қайтыс болды. Марқұмның артында үш баласы қалғаны белгілі болды.

«Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата көшесінде болған ЖКО фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс аясында тиісті сот сараптамалары тағайындалады, тергеудің толықтығы, жан-жақтылығы және объективтілігі қамтамасыз етіледі», — деп хабарлады Қызылорда полиция басқармасы.

Кінәлі жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

50