Фото: China Photos/Getty Images
Соңғы екі жылда Қытайда балабақшалар саны мен мектепке дейінгі білім алушылар саны едәуір азайды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі Tencent News агенттігіне сілтеме жасап.
Қытайдың Білім министрлігінің 2023 жылғы ұлттық білім беру статистикалық есебінде елде балабақшалар саны 274 400-ге дейін қысқарып, бір жылда 14 808 мекеменің жабылғанын және мектепке дейінгі білім алушылар санының 5,35 миллион балаға (11,55%-ға) азайғанын мәлімдеді.
Tencent News агенттігінің хабарлауынша, Қытайда балабақшалар саны мен мектепке дейінгі білім алушылар санының азаюы 2023 жылы ғана емес, одан ертерек басталғаны көрінеді. 2022 жылы да елде 1,90%-ға азайып, 289 200-ді құраған. Мектепке дейінгі білім алушылар саны 46,28 миллионнан 40,93 миллионға дейін кеміген.
Мұндай өзгерістердің негізгі себебі — соңғы жылдары туу деңгейінің күрт төмендеуі. Lianhe Zaobao мәліметінше, «екі бала» саясаты енгізілгеннен кейін 2016 және 2017 жылдары туу көрсеткіші 17 миллионнан асты, әсіресе 2016 жылы бұл көрсеткіш 18,83 миллионға жетті. Алайда, 2018 жылы бұл көрсеткіш төмендей бастады: сол жылы 15,23 миллион бала дүниеге келсе, 2019 жылы 14,65 миллион, 2020 жылы 12 миллион бала туылды.
Туу деңгейінің төмендеуі тек балабақшаларға ғана емес, Қытайдағы кейбір ауруханалардың акушерлік қызметіне де әсер етті. Reuters деректеріне сәйкес, соңғы айларда Чжэцзян және Цзянси провинцияларында бірнеше аурухана акушерлік бөлімшелерді жабуға мәжбүр болған.