Қытай төрт канадалық азаматты өлім жазасына кесті

Канада үкіметі 19 наурыз күні Қытайда есірткі тасымалы үшін өлім жазасына кесілген төрт канадалық азаматқа қатысты сот үкімінің жыл басында орындалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Lianhe Zaobao хабарлады.

Канада сыртқы істер министрі Мелани Жолидің айтуынша, өлім жазасы орындалған төрт адам да қос азаматтыққа ие. Ол ресми Оттаваның өлімге бұйырылған өзге канадалық азаматтардың жазасын жеңілдетуге күш салатынын айтты.

— Төрт канадалық азаматқа өлім жазасы орындалғанын қатаң айыптаймыз. Олар есірткіге қатысты қылмыстармен сотталған, – деді Жоли.

Канададағы Қытай елшілігі Канада үкіметінің мәлімдемесін “жауапкерсіздік” деп жазғырды. Елшілік таратқан мәлімдемеде Қытайдың есірткіге қатысты қылмыстарға әрқашан қатаң жаза қолданатыны және бұл мәселеде “нөлдік төзімділік” саясатын ұстанатыны баса айтылды.

Сондай-ақ, Канада Сыртқы істер министрлігі 2019 жылы Қытай соты есірткі тасымалдады деп айыптап, өлім жазасына кескен канадалық Роберт Шелленбергтің үкімі әлі орындалмағанын растады.

Басылымның жазуынша, Қытай мен Канада арасындағы дипломатиялық байланыс 2018 жылдан бері шиеленісіп тұр. Сол жылы Трамп әкімшілігінің сұранысы бойынша Huawei компаниясының қаржы директоры Мэн Ваньчжоу Ванкуверде ұсталған еді. Бұған жауап ретінде Қытай екі канадалықты тұтқынға алған болатын. Кейін, Мэн Ваньчжоу мен канадалық азаматтар 2021 жылы іркес-тіркес босатылды.