Виза рәсімдемек болған астаналық келіншек 20 млн теңгесінен айырылып қалды

Фото: wfin.kz

Астанада жергілікті тұрғын шетелге құжат рәсімдеуге көмектесемін деген уәдеге сеніп, 20 миллион теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Жәбірленуші әйел полицияға арыз жазып, АҚШ-қа мультивиза мен Испаниядан ықтиярхат алып беремін деген адамға сеніп, 20 млн теңге бергенін айтқан.

«Күдікті – Астанада тұратын 35 жастағы әйел. Ол консалтингтік компанияда атқарушы директор болып жұмыс істейді. Компания шетелге қысқа және ұзақ мерзімді визалар, сонымен қатар ықтиярхат рәсімдеуге көмектесумен айналысады», – деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу барысында, күдікті әйел клиенттерге компания шоттарының жеке сот орындаушылар тарапынан бұғатталғанын айтып, төлемдерді өзінің туыстары мен қызметкерлерінің шоттарына аударуды ұсынған. Қазір бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер өзге де зардап шеккен азаматтар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.