Қарағанды облысында Қаржы мониторингі агенттігі жүк автокөліктерін заңсыз бастапқы тіркеу фактісін анықтады, деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі.
Күдіктілер — арнайы ХҚКО-ның бұрынғы басшысы мен ХҚКО басшысының орынбасары — ұсталып, сотпен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
«ХҚКО қызметкерлері көлік құралын бастапқы тіркеу алымы мен утиль алымын төлеуден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк автокөліктерінің VIN-кодтары бойынша жалған мәліметтер енгізгені анықталды. Осылайша, олар 33 жүк автокөлігін заңсыз бастапқы тіркеуден өткізген. Нәтижесінде жергілікті бюджетке 315 миллион теңгеден астам қаражат түспеген», — делінген хабарламада.
Күдіктілердің 42 миллион теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жариялауға жатпайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Көкшетауда жалған құжаттармен шетелдік автокөліктердің жаппай бастапқы тіркеуі анықталған болатын.
Сонымен қатар, агенттік елдің барлық арнайы ХҚКО-ларында тіркеу алымдарының дұрыс төленуін бақылау мақсатында тракторлар, автобустар және басқа да көліктерді тіркеудің заңдылығын кең ауқымды тексерулер жүргізді.