«Улы сілекейін шашып жүр»: Мұхтар Құл-Мұхаммед Соловьевке жауап берді

Сенат қабырғасында халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік сарапшылардың «Россия 1» телеарнасында сөйлеген сөздеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

«Соловьев әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан нон грат алған адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдерде көш бастап тұр. Сондықтан ашуға мінген ол көптеген елдерге улы сілекейін шашып жүр. Бұрын «Россия 1» бірінші арнасында ол Алматны бомбалау туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы – Мемлекеттік Думаның депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді. Баршаға деген жек көрушілік кесірінен ол көбінесе өзеуреп өзі сөйлейді және бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейді. Және оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болады», — деді ол.

Сенатор ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің «келесі проблема Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген сөзінен біздің елімізге тікелей қатер төндіру анық байқалып отырғанын атап өтті.

«Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-да бізбен бірге тұрған өзімізге дос Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде көрсетілмесе, дүдәмал сарапшы-фантаст Дробницкий-Жуковтың пікіріне назар аудармас едік. Ресейлік саясаткерлердің осындай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде жалғасып келе жатқандықтан, олар Ресей Федерациясының федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық. Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекет болып келеді. Соловьев пен сол секілді саясаткерлер шынайы шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келді», — деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

5