Есірткі және психотроптық заттардың таралуына қарсы іс-қимыл шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі қауіптерінің жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін іске асыруда, — деп хабарлайды qazaq.today тілшісі gov.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлауынша, есірткі қауіптерінің жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде есірткі трафигінің 6 халықаралық және 12 өңірлік арнасы жойылғаны белгілі болды. Синтетикалық есірткі өндіретін 3 жасырын зертхананың қызметі бейтараптандырылды. «Арнайы операциялар барысында есірткі құрылымының 31 қатысушысы ұсталды. Заңсыз айналымнан 120,6 келі есірткі, оның ішінде 61,8 келі синтетикалық есірткі (206 мың «бір реттік дозаға» баламалы), 6 келі марихуана, 52,7 келі гашиш тәркіленді. Бұдан басқа, психотроптық заттарды дайындауға арналған 6000 экстази таблеткасы және 2 тоннадан астам химиялық реагенттер айналымнан шығарылды», — делінген хабарламада. Маусым айында алынған есірткінің жалпы сомасы «қара нарықта» 1.3 млрд теңгеден астам сомаға бағаланған. Осы орайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғасып жатқанын хабарлады.