АҚШ Украинаның әскери көмегін уақытша тоқтатты
ЦРУ директоры Джон Рэтклифф АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Украинамен барлау саласындағы ынтымақтастық тоқтатылғанын және Киевке америкалық барлау мәліметтерін беру уақытша доғарылғанын растады.
Келесі қадам ретінде Украина үшін әуе шабуылдары туралы ескерту жүйесі және HIMARS зымыран жүйелеріне арналған нысана көрсету мәліметтері ажыратылды.
Америкалық ресми өкілдер екі жағдайда да мұның «уақытша үзіліс» екенін атап өтті.
«Бұл әскери және барлау ынтымақтастығындағы үзіліс аяқталады деп ойлаймын. Біз Украинамен иық тіресе жұмыс істейміз және агрессияны бірге тойтарамыз деп үміттенемін. Сонымен қатар бейбіт келіссөздерде де прогреске жетуіміз керек», — деді Рэтклифф Fox Business Network арнасының эфирінде.
Украина үкіметіндегі дереккөз Sky News британдық арнасына барлау мәліметтерімен алмасу Ресей аумағына шабуылдар жасау үшін қажет ақпаратқа ғана қатысты тоқтатылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар The Washington Post басылымы Зеленский мен Трамп кездескенге дейін-ақ украиналық әскерлер HIMARS соққыларына арналған деректерді алуды тоқтатқанын жазды.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп қорғаныс министрі Пит Хегсетке қазір Украинада жоқ барлық америкалық әскери техниканы жеткізуді тоқтатуды тапсырған болатын. Бұған ұшақтар мен кемелер арқылы тасымалданатын немесе Польшадағы транзиттік аймақтарда тұрған қарулар да кіреді.
Франция Еуропаны қорғауда АҚШ-тың «ядролық қолшатырының» орнын алмастырмақ
Франция президенті Эммануэль Макрон Елисей сарайынан халыққа үндеу жасады. Ол Ресейдің Франция мен Еуропаға қауіп төндіретінін атап өтті.
Макрон Францияның ядролық қаруын Еуропалық Одақты қорғау мақсатында пайдалану мәселесін талқылауға шақырды.
«Әлем кез келген бағаға және Ресейдің диктатымен құрылмауы керек, Украинаның капитуляциясымен аяқталмауы тиіс», – деді Макрон.
Макрон келесі аптада Украинаның болашақ бейбітшілігін қамтамасыз етуге дайын елдердің бас штаб басшыларын жинайтынын хабарлады.
Ол Украинада еуропалық әскери контингентті орналастыру мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Вашингтон Киевпен қарым-қатынаста «оң қадамдар» болғанын айтты
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт президент Владимир Зеленскийдің Трамппен болған кездесуге қатысты өкініш білдіруін Киевпен қарым-қатынастағы «оң қадам» деп атады.
Ол сондай-ақ Украинаны қаржыландыру мәселесі қайта қаралып жатқанын, сирек кездесетін металлдар туралы келіссөздер жалғасып жатқанын айтты. Ливитт келіссөздердің егжей-тегжейін жарияламады.
Президент Зеленский ұлтқа үндеуінде: «Бүгін Украина мен АҚШ командалары кездесу бойынша жұмысты бастады. Андрей Ермак пен Майк Вальц сөз сөйледі, оң өзгерістер бар. Келесі аптада нәтижелер көреміз деп үміттенеміз. Біз Еуропамен интеграциямыздың алға жылжуын жандандыруымыз керек, әсіресе келіссөздер аясындағы кластерлер бойынша қолдау күтеміз», – деп жазды X платформасында.
ЕО Еуропаның қауіпсіздігі үшін жаңа жауапкершілік деңгейін көрсетпек
Еуропалық кеңестің басшысы Антониу Кошта: «Принциптерімізді нақты әрекеттерге айналдыратын уақыт келді. Украина мен Еуропада бейбітшілік пен қауіпсіздікке тек күшті болу арқылы қол жеткізе аламыз. Сондықтан ЕО тарихтағы ең үлкен қорғаныс шараларын қолға алып отыр», — деп жазды Х желісінде.
Еуропалық Одақтың Украина бойынша кезектен тыс саммиті 6 наурызда Брюссельде өтеді. Оған Еуроодақ елдерінің көшбасшылары және Украина президенті Владимир Зеленский қатысады. DW басылымының хабарлауынша, саммитте Украинаны қысқа және ұзақ мерзімде қолдау, сондай-ақ еуропалық қорғаныстың жаңа тәсілдері талқыланбақ.