«Үкіметтің міндеті — адамды аман сақтау»: Журналист мәжбүрлеп көшіруді сынағандар туралы жазды

Фото: Caravan.kz
Журналист, тележүргізуші Алмас Алтай әлеуметтік желіде Үкіметің су басқан өңірлерден тұрғындарды мәжбүрлі түрде көшіруін сынға алғандар туралы жазды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
«Солтүстікте жүрген Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың бұйрығымен Петропавл қаласының шетіндегі ауылдардан тұрғындар күшпен көшіріле бастады. «Осы нәрсе болмай-ақ қойса екен» деп ойлап едім, болып жатыр екен… Яғни, Адам өмірін сақтау үшін- мәжбүрлеп көшіру! Үкіметтің міндеті — Адамды аман сақтау!», — деп жазды ол.
Оның айтуынша, Instagram мен Tik-Tok желісінде «неге мәжбүрлеп көшіріп жатыр» деп жазып жатыр.
«Халыққа жаны ашығансып отырған лайкжинаушылар ертең су тасқыны келгенде адам өлсе (беті аулақ!!!) Үкіметті кінәлаудан жүзі жанбайды ғой…
Жалпы, сөздің, өсектің көбейетін кезі ғой бұндай кез:
Шығынға өтемақы төлеудегі қулықтар туралы қауесеттер шыға бастады;
«Эвакуациялық пункттерге, барын беріп қарсы алған елге ризалық білдірмей, керісінше, текаппар қылық көрсетіпті» деген сыпсың тарай бастады;
Алып-қашпа әңгіме, әртүрлі елбұзар сөздер қуалай бастады…
 Ел болған соң ішінде аласы мен құласы қатар жүреді ғой. Барған ағайын да, қарсы алған ағайын да — бірі біріне шыдап, осы аз күндік өткелектен әдемі өтіп кетуі керек қой.
Қазір кінәласу да орынсыз. «Анау бүйтпеді», «әкім сүйтпеді», «министр үйтпеді» десіп отыратын кез өтіп кетті. Қазір тізе қосып қимылдайтын, қол ұстасып қатерге қарсы күресетін кез деп білем.
Мемлекет аянып жатқан жоқ! Масштабы сонша үлкен болмаса, бір облыстың әкімі өзі игердей жұмыс болса республикалық комиссия құрылмас еді, Бектенов сол жерде жүрмес еді, Бозымбаев әлі Атырауда отырар ма еді? Тым көлемді апат, тым жойқын тасқын — абдыратып тастағаны да содан!
Қазір сөз ұстаған, қалам ұстаған, фанат ұстаған журналист, блогер, ел назарындағы тұлғаның бәрі халыққа шын ақпарат ұсынып, байыппен сөйлеуі керек қой. Жүйкесі жұқарып, діңкесі құрып отырған елді дүрліктіре беру — қате!
Жұдырық боп жұмылып, тас-түйін боп бірігіп қызмет қылайық!», — деп жазды ол Facebook парақшасында.