Үкімет телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салалардағы негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне алу үшін комиссия құрды. Бұл туралы Руслан Желдібай әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Qazaq.Today басылымы.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Үкіметі жанынан экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылды.
Комиссия құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кірді.
Комиссияның міндеті – монополиясыздандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Атап айтқанда, комиссия жұмысы шеңберінде телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салалардағы негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселелері қаралатын болады.
Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару механизмі бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.