«Ұйқыларыңыз тыныш па, сарыағаштық судьялар?!» — 5 жасар қыздың өліміне кім жауапты?

Ауылдасын балталап тастауға тырысқан адамға сот жеңіл жаза қолданып, үй қамаққа жіберген. Бұл туралы Kozachkov offside телеграм арнасы сілтеме беріп Qazaq.today хабарлайды. 

«Танысып қойыңыз, бұл Сарыағаш аудандық соты судьяларының бірі – Айгүл Малаева. Таяуда осы ауданда 5 жасар қызды өлтіріп кетті. Күдікті бұрын адам өлтіріп, түрмеде отырған. Өткен көктемде ол тағы да ауылдасын балтамен ұрып, жарақаттаған. Сүйтіп сот алдына екінші мәрте барады. Күдікті қылмысты мас күйінде жасаған. Бұл тіпті қылмысты ауырлататын жағдай. Іс 106 бап – «денені ауыр жарақаттау» бойынша ашылған. Полиция оны ұстап, тергеу изоляторына қамайды, содан кейін соттан рецидивистті тұтқындауды сұрайды. Сол кезде судья Малаева процеске қатысушыларды тыңдап, күдіктіні түрмеге отырғызбау туралы шешім қабылдады. Үй қамаққа жібере салады»,-деп жазды телеграм арна.

Айта кетейік, 13 шілдеде Түркістан облысында 48 жастағы ер адам 5 жасар қызды зорлап, айуандықпен өлтірген. Күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталып шыққан. Биыл тағы да оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

«Судья Малаеваның алдында кісі өлтіргені үшін түрмеде отырып шыққан, тағы бір адамды балталап тастағысы келген адам тұрды. Екі қылмысы да зорлық- зомбылыққа байланысты. Күдіктінің өз-өзін басқара алмайтыны, қоғамға қауіпті екені көрініп тұр. Судья Малаева «қамамай-ақ қояйық, үйде үкімін күтіп жатсын» деп шешіпті»,-делінген хабарламада.

Автор соттың күдіктіні түрмеге қамаудың орнына, тек бас бостандығын шектеумен қоя бергенін сынады. Бұл шешімді қабылдаған аудандық сот төрағасы – Нұрқазы Шетенов.

«Сарыағаш ауданының судьялары, түнде қалай тыныш ұйықтайсыздар?»,-деп жазды автор.

Қаскөй 5 жасар бүлдіршіннің ата-анасымен көрші тұрған. Қазір күдіктінің үстінен кісі өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Фото: ашық дереккөзден

Qazaq.today