Үндістанға барып, ота жасатқан әйелді жеке клиниканың қызметкері зорлаған, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі Times of india басылымына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, Үндістанның Гургаон қаласының аудандық прокуроры қазақстандықты Артемида жеке клиникасында зорлағаннан кейін тергеу жүргізуге бұйрық берген. Раджастханның Тиджара қаласынан шыққан Такур Сингх есімді айыпталушы ауруханада соңғы бір жыл бойы санитар ретінде жұмыс істеген. Полицияның мәліметінше, науқас 12 шілдеде қызымен бірге Үндістанға келген. Жексенбіде әйелге операция жасалған. Науқасты оңалту үшін палатаға ауыстырды. Такур жөргекті ауыстыру кезінде әйелге заңсыз зорлық жасаған. Айыпталушы науқас әйелге бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылық жасаған. Әйел бұл қорлық туралы қызына айтқан, ол өз кезегінде аурухана басшылығына хабарлап, полиция шақырған. Науқастың қызы берген шағым негізінде сол күні зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 шілдеде Такур қамауға алынды. Комиссардың орынбасары Нишант Кумар Ядав бұл оқиғаның аурухана тарапынан елеулі кемшілік екенін айтты.
«Айыптаулар аясында біз барлық қатысушы тараптардың әділ және бейтарап қаралуын қамтамасыз ету және шындық пен әділеттілік орнауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Айыпталушы тергеу аяқталғанға дейін жұмыстан уақытша шеттетілді», — делінген аурухана мәлімдемесінде.