«Үндістандағы Ганг өзені»: әкімдік Каспий жағалауын тазартуға 17 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ

Фотоколлаж: qazaq.today

Ақтау әкімдігі Каспий жағалауы мен суға түсу алаңдарын қоқыс қалдықтарынан тазартуға 17 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей, көрсетліген жұмыстар бойынша жеке кәсіпкер Д. Касымгалиевна конкурс жеңімпазы атанған.

2024 жылғы 5 маусымда Мемлекеттік сатып алу сайтында Ақтау қаласының жағалау аймағының тұнбалары мен теңіз балдырларын тазарту жөніндегі қызметтерге жалпы сомасы 17 857 143 теңгеге конкурс жарияланды.

Байқауды ұйымдастырушы – «Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Конкурс 2024 жылдың 12 маусымында жеке кәсіпкер Д. Касымгалиевнаның жеңісімен аяқталды. Мемлекеттік сатып алу сайтында шарт туралы ақпарат жоқ.

Техникалық спецификацияға сәйкес, мердігер жағалауды және шомылу алаңдарын лайдан, тастардан, металл қалдықтарынан тазарту жұмыстарын жүргізуі керек. Тазалық жұмыстары «Самал» ықшамауданынан «Теплый пляж» демалыс базасына дейін жүргізілуі керек.

«Жағалауды және шомылу алаңдарын лайдан, тастар мен металл қалдықтарынан тазарту жұмыстарын бастамас бұрын жеткізуші Тапсырыс берушіден барлық арнайы техника мен пайдаланылған жұмысшыларды көрсете отырып, жағалау аумағына рұқсат қағазын алуы қажет. Сондай-ақ жеткізуші жұмыс кестесін және жауапты тұлғаны тағайындау туралы бұйрықты әзірлеуі керек. Бұл жағдайда жұмыс кестесі жұмыс басталғанға дейін Тапсырыс берушімен келісілуі керек. Шарт бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмi құжаттамада көрсетiлгендей, шарт жасасқаннан кейiн күнтiзбелiк 30 күннен аспайды», – делінген құжатта.

Қала басшылығы келісімге әлі қол қойылмағанын хабарлады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгінде Ақтау жағажайларының жағдайы мәз емес. Қоқыстан тазартылмаған жағажайды желі қолданушылары «Үндістандағы Ганг өзені» деп атап кеткен.

30