«Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғамбек Instagram-дағы парақшасында жазба жариялап, желіде пікірталас тудырды. Ол қазақ әйелдерін өмірге жеті-сегізден бала әкелуге шақырған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, материалдық жағдайды ойлап, сәбиді өмірге әкелуден қорықпау керек.
«Мына кең байтақ жерді қазаққа толтыру керек. Көп жас отбасын құрып, 2-3 баламен шектеліп қалып жатыр. Асыраудан қорқып, жасап алсақ, осылардың өзін жеткізіп алсақ деп уақыттары өтіп кетіп жатыр. Уайымдамай көбейіңдер, кейін рахатын көресіңдер. Әрбір отбасында 7-8 баладан болуы керек. Бұл маған да қатысты. Әйелдерге ойланбай, уайымдамай, алаңсыз өмірге көп-көптен бала алып келуге еркектер жағдай жасауымыз керек», — деп жазды ол.
Десе де әншінің бұл пікірі оқырманның көбіне жақпай қалды. Олар баланы өмірге әкелу үлкен жауапкершілік екенін және оған материалдық жағдайдан бұрын денсаулық керек екенін ескертті.
«Бала көтеру, туу оңай болса бәрі туар еді. Операциямен босанатындарды ойлау керек, оңай емес ешқайсысы да. 7-8 түгілі бала түгілі 1 балаға зар болып отырғандар бар, оны да ойлау керек. Айту өмірге келіп жатыр, шүкір, ажырасуды қайтпек керек?», «Кең байтақ жерге киіз үй тігіп тұра ма балаларымыз, әр балаға үй алуды да ойлаңыз», «Сапаны ұмытпайық», «Денсаулық болса, қарасатын адам болса, әрине», «Қымбатшылық қысып тұрғанда қайдағы 7-8 бала», — деп жазды оқырмандардың дені.