ТЖМ-нің парақорлары: Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы сотталды

Ақмола гарнизоны Әскери соты ірі лауазымды шенділерге үкім шығарды. Сот үкімімен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев бес жылға, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, олар бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы 39,7 млн теңге сомасында пара алған.

«Сондай-ақ Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», — делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

56