Түркияға қазақ үй апарып тіккен ерікті топ марапатталды

Түркия мемлекеті қазақтың 6 мың киіз үйіне тапсырыс берді. Киіз үйлердің тиімділін білген Анкара қазақтың ақбозын үйін сатып алмақ. Ақбоз үйлерге жер сілкінісінен баспанасыз қалған жанұяларды орналастырады, деп хабарлайды  Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Ресми мәлімет бойынша екі миллионға жуық жанұяның баспанасы зілзаладан қирап қалған. Апатты жағдайда тұрған үйлердің саны әлі тексеріліп жатыр. Мыңдаған жанұяны уақытша орналастыратын орын киіз үйлер болып шықты. Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі әлі толық тоқтаған жоқ. Шошып қалған халықты ресми Анкара баспана салып бергенше киіз үйлерге мүмкіндігінше көбірек қоныстандырмақ.

«Зілзала бола қалған кезде біз  шұғыл іске кірісіп, жүз қазақ үй мәселесімен айналысып кеттік. Авиация саласында 12 жылдық тәжірибем бар. Қиналған елге көмек көрсету туралы ақпаратты оқыдым да, жауапкершіліктің бірін мойныма алдым. Түркия Президентінің ұлы Біләл Ердоған мен оның көмекшілеріне шықтық. Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының вице-президенті  болғандықтан, Ердоғанға тікелей сөйлесіп, ауыр жүк ұшағын, ерікті топты зілзала болған аймаққа жеткізу бойынша рұқсат алды. Дүниежүзінен жүк жеткізу көбейіп, түркияның билігі өте қарбалас болса да, Ердоған Қазақстанға ауыр жүк ұшағын бөлгізді», — деді ұлттық әуекомпанияның аға бортсерігі Гүлім Қайырденқызы.

Бұған дейін Түркияға жүзден астам киіз үй апарып тіккен ұйымдастырушы топтың сөзінше, қазақтың үйлері түркиялықтарға ұнаған. Қазір ол жерлерде зілзаладан жапа шеккен халық сыйғанынша тұрып жатыр. Ұлттық парктегі жалпы үйлердің саны екі жүз елуге жуықтайды.

«Қазақ үйлер жазда салқын, қыста жылы. Ауа алмасып тұрады. Еңселі ақ боз үйлерді баспана ретінде қабылдайды. Бірінің үйіне бірі қонаққа барса да қысылмайды. Сосын адамға рух береді. Баяғыда Алтайдан көшкен анадолылықтарға өздерінің байырғы үйлерін, түркілердің тіршілік кешкен баспанасын қайта апардық. Ең бастысы, қазақ үлер зілзалаға төзімді, өмірге қауіпті емес. Ал кейбір адамдар Түркияға «палатка» апару керек деп байбалам салды. Біріншіден, апарсын, оларға ешкім қол байлау болып тұрған жоқ. Екіншіден, шатыр ыңғайсыз, ауа алмаспайды. Кіріп-шыққан сайын адамның соғыс, апат немесе өзгеде қаралы жағдайда тұрып жатқанын еске сала береді. Адамның еңсесін езе береді. Сосын жазда ыстық, қыста суық. Бірнеше адам тұрған соң палатка саси бастайды», — деді «100 қазақ үй» акциясын ұйымдастырушы, журналист Нұрбек Бекбау.

Түркия билігі мыңдаған киіз үлерді өздері сатып алмақ. Үйлерді дайындаумен Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы мен ерікті топ айналысып жатыр. Бірақ 6 мың киіз үйдің қанша уақытта дайын болатыны нақты белгісіз.

«Түркия халқының басына іс түскенде  түркиялық әуекомпанияның президенті Ахмет Болат мырза, Алматыдағы әуежайдың бас директоры Угур Жантимур, КАРГО ұшағы бойынша жауапты  Корай Дурсун, ауебилеттерді брондау және сату менеджері Ахмет Дурсунов сынды азаматтар көмектерін аямады. Осы адамдармен байланысу арқылы қазақ елінің атынан жиналған көмекті апара алдық. Соның нәтижесінде біз Қаһарманмараш қаласына  жүзден астам киіз үй апарып тіктік, қайырымдылық шараларын жасадық.  Қазір ол үйлерде халық тұрып жатыр. Басты нәтиже осыда. Қазақ үйлердің тиімділін көрген Түркия билігі тағы  алты мың киіз үйге тапсырыс берді. Оларды дайындау үшін Қазақстан, Монголия, ҚХР сынды мемлекеттерге шықтық. Елімізде де киіз үйлерді жасайтын фирмаларға тапсырыс  бердік», — деді ұлттық әуекомпанияның қызметкері Гүлім қайырденқызы.

Ел атынан барған ерікті топ қауіпті аймақта жұмыс істеп, жоспарды орындап қайтты. Қамыққан елге қазақ халқының атынан жұбату айтты. Төтенше жағдай кезінде тоқтаусыз еңбек еткен ерікті топты Д.Қонаев атындағы халықаралық қор марапаттады.

«Бұндай зілзаланы ешкімнің басына құдай бермесін. Жер сілкінген жердегі қайғы-мұң бітпейді, ауыр трагедия. Осындай қиын сәтте жанұяларын тастап, алапат апат болып жатқан аймаққа барып, елге көмек көрсетті. Өйткені, бұндай қауіпті жерге екінің бірі бара алмайды. Бұндай Отаншыл, намысқой жігіттердің шешуші сәтте ауыр сапарға шығуы түркиялықтарға жұбаныш болса, қазақ еліне қуаныш болды. Ел марқайды, халықтың көзі, көңілі сол апат аймағына кеткен топта болды. Сондықтан, осындай сәтте ерлерді елемесек елдігімізге сын. Ел ағалалы ақылдасып, Қонаев атындағы орденмен марапаттауды жөн деп шештік. Үкімет арқылы барған топты мемлекет ақшалай сыйлықпен және атақпен марапаттап жатыр. Біз өз еріктерімен барған топты марапаттағымыз келді. Түркияда жайнап, қаз-қатар тұрған үйлерді көргенде көзімізге жас келді, көңіл толқыды», — деді д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Шатырхан Керімбеков.

13