Түркияға аттанған қазақстандық құтқарушылар 3 адамды аман алып шықты

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) құтқарушылары Түркияда үйінділер астынан үш адамды аман алып шықты, деп хабарлайды Qazaq.today ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

«Екінші эшелон Түркияға келген сәттен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары тәулік бойы құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Екінші эшелон үшін іздестіру-құтқару орны ретінде Нурдагы – Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді.
Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудиобайланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді», — делінген ТЖМ мәліметінде.

Ақпаратқа сүйенсек, құтқарушылардың ыждағатты жұмысының нәтижесінде қирандылар астынан үш адам аман шығарылды.
«Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш адам — ер адам мен екі әйелді тірі шығаруға мүмкіндік туды. Олар дереу медицина қызметтеріне жеткізілді», — деп нақтылады ведомстводан.

Айта кетейік, құтқарушылар мен дәрігерлер енген Қазақстан құтқарушыларының екі тобы қазір түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда аттанған еді. Алғашында қазақстандық бортпен 16 адам, екінші бортпен 64 адам Түркиядан елімізге жеткізілген еді.

9 ақпанда Газиантептегі объектілердің бірінде еліміз мамандар үйінділер астынан 3 адамды құтқарып алған болатын.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды. Хаттайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат (Мирус) Құрмашевтің денесі де қирандылар астынан табылды.

 

Qazaq.today