Сарыағаш ауданында мектеп мұғалімі 9-сыныптың оқушысын зорлады деген күдікке ілінді. Ұстаз жасөспірім қызбен мектеп қабырғасында жыныстық қатынасқа түскен деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі Экспресс К басылымына сілтеме жасап.
Шымкенттік журналист Саида Турсуметованың мәліметінше, мектептегі оқиға болған жердің суреті полиция мен мұғалімдердің бірінде бар. Ол бұл туралы Facebook-парақшасында жазды. Автордың жазуынша, бұл жағдайдан кейін мектеп директоры ұжымды шұғыл жинапты. Оқиғаны жылы жауып қою үшін мұғалімдерден ақша жинайтын болған көрінеді.
«Оқушының ата-анасы қыздарының абыройын қаншаға бағалайды?» деген сұрақ туындайды. Әлгі ұстаз оқушы қызға үйленуге ниетті көрінеді. Бірақ қалай? Оның отбасы бар ғой», — делінген жазбада.
Ал Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар оқиғадан хабардармыз деп отыр.
«Бұл мәселемен құзырлы органдар айналысуда. Ішкі тексеріс жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Әзірге ешқандай өзге ақпарат жария етілмейді. Егер ақпарат расталса, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы тиісті шара қолданады», — дейді басқармадағылар.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер аталған оқиға бойынша қылмыстық істің тіркелгенін растады. 30 мамыр күні Сарыағаш аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын кәмелет жасына толмаған қызына сексуалдық сипаттағы іс-әрекетке қатысты арызданған.
«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша тіркелді. Күдікті жас жігіт анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», — дейді департаменттегілер.
Істі Полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алып отыр. Басылым тілшісі күдікті болған мұғалімнің өзімен байланысқа шыққанымен, педагог пікір білдіруден бас тартқан. Ұстаз барлығын сот шешеді деп қысқа қайырған.