Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамалды

Белгілі әнші Төреғали Төреәлі есірткіге масайып, көлік жүргізгені үшін 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Qazaq.today Алматы соттарына сілтеме жасап.

«Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өзге көлік құралдарына зақым келтіруге әкеліп соққан есірткіге мас күйінде көлік құралын басқару фактісі (ҚР ӘҚБтК 608-бабы 3-бөлігі) бойынша азамат А-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сот 2023 жылдың 14 маусымында көлік рөліндегі азамат А. мас күйінде патрульдік көлікті қаққанын анықтады. Апат салдарынан автокөліктерге механикалық зақым келді»,-делінген хабарламада.

Сот отырысынде айыпталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан.

«ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін сот қаулысымен А. кінәлі деп танылды. Оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 20 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданылды», -деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Qazaq.today