Топтық зорлау: Қонаев қаласында оқушы қызбен төсектес болған полицейлер қамауға алынды 

Алматы облысында мектеп оқушысын зорлаған полицейлер қамауға алынды. Оларға кәмелеттік жасқа толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген айып тағылған. Қос полицейді өздерінің әріптестері ұстаған.

«Ағымдағы жылдың 7 қарашасында полицияға Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қызына қатысты екі белгісіз адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы арызданды. Сол күні қылмыстық іс ҚР ҚК 120-бабы 3-1-бөлігінің  1-тармағы бойынша облыстық полицияда тіркелді», -деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 2000 және 2001 жылғы күдіктілердің жеке басын анықтап, «ізін суытпай» ұстаған. Тергеу нәтижелері бойынша олар қамаққа алынды.

«Жақын арада сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу аяқталып, қылмыстық істің материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілетін болады. ҚР ҚІЖК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге  жатпайды», — делінген ведомство таратқан ақпаратта.