Ақтауда толассыз жауған жаңбыр салдарынан бірнеше көше мен ауданды су басты, — деп хабарлайды qazaq.today сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
28 шілдеге қараған түні қалада нөсер басталды.
Толассыз жауған жауыннан қаладағы базарлардың бірін су басқан. Жаңбырдың кесірінен «Сары» базардағы сауда павильондары бойында «су арнасы» пайда болған. Облыс орталығын судан тазарту үшін коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатса да, шамасы жетер емес. Су тасқыны салдарын халық өз күшімен жойып жатыр.
Кеше сағат 23:00 бастап, таңғы 06:00 дейін жауын-шашын жаууына байланысты «Қала жолдары» ЖШС жұмысшылары түнгі кезекшілікте автомобиль жолдарында жиналған суларды алу жұмыстарын жүргізді. Оған 15 жұмысшы, 5 мотопомпа, 1 бойлер автокөлігі, 1 Газель автокөлігі жұмылдырылды.Түнгі жауын-шашыннан 7 мың м3 су алынды. Жаңбырдың салдарын жою жұмыстары әлі де тоқтаған жоқ. Қазір қала көшелерінде 35 жол жұмысшы, 6 мотопомпа, 1 бойлер автокөлігі, 3 Газель автокөлігі жұмыс істеп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаментінен күндізгі аусымда жиналған суларды алу жұмыстарына 20 қызметкер, 8 мотопомпа; «КЖСА» МКК-нен 2 бойлер автокөлігі жұмылдырылды. Қазіргі таңда жауын-шашыннан 12 мың м3 су алынды.
«Қазгидромет» РМК өкілі берген мәлімет бойынша, Ақтауда бір тәулікте бір айлық жауын-шашын түскен.
«Маңғыстау облысының батыс жартысында 28 шілдеге қараған түні 1-13 миллиметр жаңбыр жауды, бір айдағы норма — 10-13 миллиметр. Ақтауда 13 миллиметр жауын жауды, норма 10 миллиметр», — деді синоптиктер.
Ал Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің мамандары халыққа алысқа ұзап шықпауды, демалыс орындарына бармауды ескертеді. Сел жүру қаупі бар.