Атақты продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов Шымкент қаласында өткен тойда өзін және жұбайы Қарақат Әбілдині мас болды деп айыптағандарға жауап берді. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған бейнежазбада Болманов пен жұбайы тойда көңіл көтеріп жүргені көрінеді. Алайда кейбір қолданушылар олардың мас болғанын алға тартып, сынға алған. Бұл пікірлерге ашынған әнші Instagram парақшасында мәлімдеме жасап, мұндай айыптауларды теріске шығарды.
«Арақ-шарап болмағанына куә жеткілікті!»
Қыдырәлі Болманов желіде тараған қауесеттерге қатысты өз наразылығын білдіріп, тойда алкоголь болмағанын нақтылады.
«Шымқалада болған осы тойды біреулер ән айтып тұрған видеомыздың бетіне баттитып: «тойда мас болғандары ұят болды», – деп Қарақатты да қосып жіберіпті. 5-6 камера басынан аяғына дейін түсірген, той иесі бар, той қонақтары бар, ұйымдастырушылар, бізге дастарқан жайып, қызмет көрсеткен даяшы қыздар бар. Куә жеткілікті, Құдайға шүкір! Сол қыздар-ақ дастарқанда арақ-шарап болмағанына куә!» – деді ол.
Әнші бұл айыптаулардың негізсіз екенін және өзінің жеке абыройына зиян тигізетінін атап өтті.
«Жала жабуды доғарыңыздар!»
Қыдырәлі Болманов өзінің жұбайы Қарақат Әбілдиеваға қатысты негізсіз айыптаулардан шаршағанын айтып, желідегі адамдарды орынсыз өсек таратудан тыйылуға шақырды.
«Маған не айтсаңыздар да өздеріңіз білесіздер, бар жаманды маған айтыңыздар, өтініш! Қасиетті жерге барып келген сапарымызға көлеңке түсіріп, ол видеоны көрген адамға күмән салып жүрген пенденің мақсаты не болуы мүмкін, құрметті оқырман?! Күнә жинағаннан басқа не пайдасы бар?» – деп жазды ол.
Сонымен қатар, әнші қасиетті Меккеге барып келгенін, жақында келе жатқан Рамазан айына дайындалып жатқанын айтып, өздеріне жабылған жаланы түсінбей отырғанын жеткізді.
«Есі дұрыс адам Қасиетті Меккеден келе салып, арақ ішеді ме? Оның үстіне, қасиетті ораза келіп қалғанын жақсы білеміз. Өсек-аяң тасып, өтірік айтып, жала жабатындарды Алла кешірсін! Бір Аллаға тапсырдым!» – деп ағынан жарылды.
Желідегі оқырмандардың реакциясы
Қыдырәлі Болмановтың бұл мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желі қолданушылары екіге бөлінді. Бір бөлігі әншіні қолдап, оның 25 жыл бойы өнерде абыройлы жүргенін айтып, орынсыз өсектерге мән бермеуге шақырды. Екінші тарап болса, оның тойда көңіл көтеруін сынға алып, әлі де күмәнмен қарайтындарын жеткізді.
Қалай болғанда да, бұл жағдай Қыдырәлі Болмановтың жеке өміріне қатысты үлкен пікірталас туындатты. Әнші өзі туралы айтылған негізсіз пікірлерге жауап беріп, жұбайының абыройын қорғауға тырысуда.