Тоқаевтың төрағалығымен Ақтауға жақын маңда болған әуе апатына байланысты кеңес өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтауға жақын маңда болған әуе апатына байланысты кеңес өтті.

Кеңесті ашқан сәтте Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтты. Ол Маңғыстау облысында бірнеше күн бұрын болған ұшақ апаты салдарынан қайтыс болғандардың арасында Қазақстан азаматтары да бар екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше қызметтердің апат кезінде жедел және үйлесімді жұмыс істегенін атап өтті.

— Біз апаттың әлдеқайда ауыр зардаптарын болдырмадық, көптеген адамның өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оқиға туралы толық ақпарат қоғамға уақытында жеткізілді. Біздің азаматтар алғашқы сәттен-ақ зардап шеккендерге көмектесу үшін жұмылып, ынтымақ пен шынайы жанашырлық танытты. Қан тапсыру үшін кезекке тұрғандар да көп болды. Отандастарымыздың көбісі Әзербайжан елшілігінің ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Мұндай әрекеттерді отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жариялады. Бүкіл әлем біздің құтқарушылардың, дәрігерлердің және еріктілердің жанқиярлық еңбегіне куә болды. Көршілес Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан секілді достас елдердің азаматтары ерекше алғыс айтып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке әуе апаты салдарын жою кезінде ерлік пен кәсібилік көрсеткен азаматтарды мемлекеттік наградаларға ұсынуды тапсырды.