Тоқаев транскаспий бағытын дамытуға басымдық берілетінін айтты

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту басты басымдық. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

«Қазіргі геосаяси жағдай Қазақстаннан негізгі Еуразиялық транзиттік хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуды талап етеді. Біз 11 000 шақырым ескі теміржолды қайта құруды және 5000 шақырымнан астам жаңа теміржол желілерін салуды жоспарлап отырмыз. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту басты басымдық саналады. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланысын қамтамасыз етеді. Өткізу қабілеті жылына — 10 миллион тонна жүк. Сондықтан біз жаңа жүк терминалдарын салу және жүк көліктерін бірлесіп шығару арқылы Орта дәліздің инфрақұрылымын дамытудағы инвестициялық мүмкіндіктерге басымдық береміз», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуы үшін көлік желілерін кешенді дамыту да аса маңызды екендігін аса айтты.

«Тек осы жылы ғана біз 12 мың шақырымға жуық жолды жөндедік және салдық», — деді Президент.

35