Қазақстан мен Руанда дипломаттары екі ел арасында визасыз қатынай алады

Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы өкілге ілтипат білдіре отырып, Руанда Президенті Поль Кагамеге сәлемін жолдады. Мемлекет басшысы Руанда тарапының Қазақстанмен көпжоспарлы серіктестікті нығайтуға ықылас танытып отырғанына ризашылық білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

а
Фото: Ақорда

Президент Африка елдерімен ықпалдастықтың қарқынында оң динамика бар екен атап өтіп, Руандамен арадағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынастың көкжиегін одан әрі кеңейтудің маңызына назар аударды.

Осы орайда Мемлекет басшысы жуырда қол қойылған Қазақстан мен Руанда арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімді жоғары бағалады.

Жан Поль Ньирубутама қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, бүгінде Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Ақорда
Фото: Ақорда

Әңгіме барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.