Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады, — деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі.
«Құрметті отандастар! Сіздерді әз-Наурыздың бастауы – Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын! Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі. Бүгінде Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа кенелсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Айдан аман, жылдан есен болайық!» — деді Президент.
Былтырдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы, яғни Наурызнама онкүндігі бекітілді. Ұлтымыздың ұлттық мейрамын тойлаудың онкүндігі 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Осылайша Президент «Амал» мерекесінің маңызына мән беріп, елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрамның ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі екенін мәлімдеді.