«Орталық Азия —Қытай» — 2025 Медиафорумы Астанада өтіп жатыр. Форум ҚР Президенті Қасым—Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Тоқаевтың құттықтауын ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Форумға Ортаз Азия елдерінен 250-ге жуық БАҚ өкілдері келген. Сондай-ақ, Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Насихаттау бөлімінің бас директоры Ху Хэпин бастаған саяси өкілдер қатысып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық медиа форум аясында сөйлеген сөзінде ақпараттық саясаттың елдер арасындағы ынтымақ пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда медиа – бейбітшілік, татулық және өзара қолдау сияқты құндылықтарды дәріптейтін маңызды құралға айналған.
«Сауатты әрі байыпты ақпараттық саясат ынтымағымызды күшейтіп, орнықты дамуымызға септігін тигізеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» бастамасына оң бағасын беріп, бұл жобаның халықаралық ынтымақтастықтың тиімді платформасына айналғанын жеткізді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының бастамалары да жаһандық қауымдастық тарапынан қолдау тауып жатқанын атап өтті.
Президент екі ел арасындағы достық қатынастардың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның Қытаймен серіктестікті нығайтуға айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты. Екі ел де өркендеуге және тиімді диалог орнатуға ниетті.
«Мүддесі мен мақсаты ортақ елдер арасындағы өзара таным мен түсіністік жаһандық сын-қатерлерге бірлесе төтеп беруге көмектеседі», – деді Мемлекет басшысы.
Ақпарат құралдарының өкілдері осы процестерге белсенді араласып, шынайы әрі жауапты ақпарат тарату арқылы қоғамда тұрақтылық пен татулықтың орнауына ықпал ете алады.
Мемлекет басшысы Еуразия кеңістігінде тұрақтылық, ашықтық және жасампаздық қағидаттарын орнықтыруда осындай медиа форумдардың рөлін жоғары бағалап, ондағы пікірлер мен ұсыныстардың өңірлік дамуға қызмет ететініне сенім білдірді.
«Форумда осы аймақтағы барлық елдің игілігіне қызмет ететін тың идеялар мен парасатты пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға бақ-береке, мол табыс тілеймін», – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумға Орта Азия елдерінен 250-ге жуық БАҚ өкілдері келген. Сондай-ақ, Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Насихаттау бөлімінің бас директоры Ху Хэпин бастаған саяси өкілдер қатысып жатыр.