Sorting by

×

Тоқаев алты жылда ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырды — Саиров

Фотоколлаж: Qazaq.today

Президент Тоқаев елдің бұрынғы басшысы болған Назарбаевтың айналасындағы топтардың ұйымдастыруымен жасалған қаңтар оқиғасында елді үлкен апаттан аман алып қалды. Одан бөлек Тоқаев елде саяси тепе-теңдік орнатуға күш салатын реформаларлы жүзеге асырып жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров соңғы алты жылда Тоқаевтың бастамасымен жасалған жұмыстарға баға берді, деп хабарлайды Qazaqtoday.

Оның сөзінше,  Қазақстанның саяси тарихында 1990 жылдан бастап 1995 жылға дейін елдегі тәуелсіздік демократиясы жақсы дамыды деп айтуға болады.

«Осы кезеңде Қазақстанда Үкімет пен Парламенттің  арасында тепе-теңдік болды. Экономиканың стратегиялық салалары мемлекеттің қолында болды. 1995 жылы Қазақстанда президент Назарбаевтың бастауымен еліміздегі экономикалық реформаны дамытамыз деген желеумен конституциялық реформа болды. Сол реформаның аясында Парламенттің құзыреті шектеліп, конституциялық сот алынып тасталды да, елімізде жеке басқа таңған саяси модель пайда болды», — деді депутат.

Осы саяси модель Қазақстанның саяси- экономикалық дамуына тежеу болды. Елімізде саяси дағдарыстар орын алды. 2010 жылдары жер реформасына қарсы митингтер әлеуметтік деңгейінің төмендеуіне қарсы қарсылыққа алып соқты, саяси дағдарыс өршіді.

2019 жылы билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде осы саяси дағдарысты жою мақсаты тұрды.  Ол саяси реформаны жасау үшін ұлттық кеңесті құрды. Ұлттық кеңестің аясынды экономиканы деолигархизация жасау мақсаты тұрды. Билікті халыққа беру, Парламент пен Үкіметтің  арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

«Бұған сол кездегі бұрынғы президент Назарбаевтың айналасындағы топтар қарсы болды осылай реванштық топтар қаңтар оқиғасына алып келді. Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаев өзінің нақты істері және жанқиярлығымен елді үлкен алапаттан алып қалды. Саяси реформалардың нәтижесінде қазір парламентте 6 партия жұмыс істейді. Президенттің каденциясы бір мерзіммен шектелген және аудандық әкімдердің сайлауы болып жатыр, яғни үлкен саяси реформа іс жүзіне асты. Енді осы саяси реформаны, экономикалық моделді өзгертуге Қазақстанның экономикасының әділетті экономика жасауға бағытталған қадамдар жасау қажет», — деді саясаткер.

Ол Президент Тоқаевтың бүгінгі таңдағы салық реформасы біздің еліміздегі байлардың салығын көбейтуге, яғни дамыған мемлекеттерде байлардың экономикалық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Сондықтан осы салық реформасы аясында байлардың салық дәрежесін көбейту керек,  сонымен бірге Қазақстанда шикізатты емес  дайын өнімді шығаруға біздің бизнесмендерге стимул жасау керек және ең негізгісі ұлттық буржуазияны дамыту керек. Президент Тоқаев ұлттық буржуазияны дамыту жөніндегі мәселені көп айтып жүр, қазыр осыны Үкімет іс жүзіне асыру керек. Демократия перманентті процесс, яғни біздің елімізде саяси реформалар ары қарай жалғасу керек және мынау турбулентті заманда демократия, плюрализм және мемлекетшілдік отаншылдықпен қатар жүру керек. Менің ойымша күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе осы», — деді Тоқаевтың Президент болғанына алты жыл толуына орай білдірген пікірінде депутат Саиров.