Тимур Нүсіпханов, РАТТ мүшесі: Салафиттер қазір қауға сақалмен жүрмейді

Дін атын жамылған теріс ағымдар, өкінішке орай, Қазақстан аумағында да таралып үлгергені қашан?! Жауыздық пен араңдатушылыққа еш қатысы жоқ Ислам дініне деген көзқарас ел арасында өзгеріп, сенімінен айырылған жұртшылық көбейді. Дегенмен мемлекет арнайы бағдарламалар бекітіп, зайырлы мемлекет қазығын мықтап қадауға тырысып бағуда. Соңғы жылдары терроризмге баруы мүмкін теріс діни ағым өкілдері бірінен кейін бірі ұсталып, қауіпті аймақтарда тыныштық орнағаны рас. Алайда экстремистік топтар түбегейлі жойылды деуге келмейді, арамызда қарапайым адам кейпінде жүргендер қаншама? Оларды біз қалай ажыратамыз? Жалпы Сыр өлкесіндегі діни ахуал деңгейі қандай? Осы және басқа да сұрақтарға теология ғылымдарының PhD докторанты, РАТТ мүшесі Тимур Нүсіпханов жауап берді.

1. Діни экстремистік топтар түбегейлі жойылған жоқ, ең сорақысы, олар өздерінің сыртқы сипатын өзгертетін болған. Қазір жат ағым өкілдерін қалай ажыратуға болады?

Иә, расымен бұрын оларды қауқа сақалына қарап ажырататынбыз, қазір елде заңмен тыйым салған, қудаланған такфир көзқарастағы жамағат сыртқы болмыстарын өзгертті. Яғни олар қауқа сақалмен жүрмейді, бірақ сәләфидтіктің ішіндегі мадхалиттербағытын ұстанып жүргендердің арасында әлі күнге дейін сақалдылар бар. Олар сақал мәселесіне қатысты такфирлер сияқты тартысқа түспейді, «сақал қоймасаң, мұсылман емессің» деген түсінік жоқ. Демек сақалына қарап тон пішуге болмайды, бірақ қоғам арасында көзге бірден түсетіндер де бар. Мысалы, таблиғи жамағат пәкістандық киім үлгісін киеді.

2. Сырт келбетінен ажырата алмайтын болсақ, басқа қандай белгілерге назар аударған дұрыс? Теріс діни ағымдағылардың қарсылығы көбіне неден байқалады?

Мұндай жамағаттың қарсылығы көбіне әлеуметтік желідегі белсенділіктен байқалады. Такфир көзқарастағылар елдегі шығып жатқан заңдар, халық аузында жүрген оқиғаларға қатысты «мемлекет дінмен басқарылмағаннан кейін осындай болып жатыр» деген жансақ пікір таратып, ел арасына іріткі салады. Одан бөлек орамал мәселесі, еліміздің кейбір жерлеріндегі заңмен бекітілген кейбір уақытша тыйымдарды қатып қалған қағида көріп, ішкі тәртіпке бағынбаумен сипатталатын қарсыласады. Мысалы, мешіттің ішкі тәртібінде, «әминді» іштен айтыңыздар деген имамдардың жазып, ауызша айтып тұрғанескертулеріне қарамастан, көпшілік жерлерде оны жария айтып көзге түседі.

3. Жазасын өтеу орындары оларға сабақ бола ма, әлде керісінше өздері секілді жат ағым жетегінде кеткендермен отырып, білімін күшейтіп, одан әрі қаруланып шықпай ма?

Олармен мемлекет қамтамасыз еткен теологтар жұмыс істейді. Одан кейін арнайы Дін істер басқармасы немесе Қоғамдық даму басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталықтарынан, одан бөлек Дін істері комитетінен тікелей қолдау алған «Ақ ниет» орталығының мамандары немесе Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдіктерінің жанындағы арнайы имамдар өз білім деңгейіне қарай қайта бейімдеу, саналарын оңалтумен айналысады. Яғни жазасын өтеуші теріс білім алмайды.

4. Тәңіршілдер қауіпті ме?

Тәңіршілер қоғамға такфирлер секілді көзге көрінер қауіп төндірмесе де, идеалогиялық, саналық тұрғыда кері әсерін тигізеді. Такфирлердің сыртқы болмысы мен айтқан сөздеріне қарай олардың қауіпті екенін бірден түсінуге болады, ал тәңіршілердің өзге жұртшылықтан еш айырмашылығы болмағаннан кейін оларды тек арнайы мамандардың сұхбаты, профилактикасы арқылы анықтамаса, күнделіктіөмірде байқау қиын, бірақ олардың дәстүрлі дінімізге, руханиятымызға, сенімімізге сай келмейтін идеалогиясының барлығы – қауіпті. Бұрын халықтың діни сауаттылығының төмендігінен «Аққу», «Гәкку» сынды топтар қаптап кеткен еді, қазір де бірен-сараң қоғамдық бірлестік, арнайы қоғамдық қор ретінде тіркелгендер бар, бірақ халық бұрынғыдай ақша беріп, қаржыландыратындай аңғал емес, сондықтан олардың белсенді діни қызметтері байқалмайды.

5. Жастарды діннен барынша аулақ етуге тырысудамыз, бұл қоғамның ертеңіне қауіпті емес пе? Діни білімі жоқ жастар жат ағым жетегіне еріп кетпей ме?

Жастарды діни экстремизмнен сақтаймыз деп, діннен алшақтатпау керек. Дін – руханият негізі. Ата-ана, мемлекет, имамдар үш жақтап өскелең ұрпаққа рухани құндылықты ұялатпасақ, рухани аш жастар оны сырттан іздей бастайды. Біз діни экстремизммен күрсеміз деп, дінмен күреспеуіміз керек, жат ағыммен жанталасамыз деп, жастарды алыстатып алмауымыз керек.

6. Мемлекеттің дін саласындағы саясатына қатысты не айтасыз?

Мемлекеттің дін саласындағы саясаты «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен» реттеледі. Барлық діндерге сенімділік тұрғыдан еріктілік берілген, мемлекет «зайырлы» ден танылған. Егер түрлі дін өкілдері арасында алауыздық туындаған жағдайда олар бірінші кезекте мемлекеттің зайырлы принциптеріне бағынуы тиіс.

7. Сыр өңіріндегі діни ахуалға қандай баға бересіз?

Енді Сыр елі – қаншама ишандардың, үлкен сүлейлердің, жыршылардың кіндік қаны тамған, тарихы терең өңір. Дін мен ұлттық өнерді ұштастырып, дәстүрлі дініміздің сіңген ортасы. Сыр сүлейлерінің әрбір айтқан сөзі, жырлары – тұнып тұрған руханият. Біздің аймақта оңтүстіктегідей арнайы бір діни жоғары оқу орындары, ірі медреселер болмағанымен, жоғарыда атап өткен ата-бабамыздан қалған рухани мұраның арқасында діни тұрақтылықты сақтап отырмыз. Халықмыздың рухани адамгершілігінің мол болуы, теріс жолға түспеуі дәстүрлі тәлім-тәрбие мен діннің біте қайнасып кетуінің нәтижесі деп білеміз.

8. Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп отырған «Нұр-Мүбәрәк» университеті туралы айтып берсеңіз? Шетелдегі діни оқу орындарымен иық тіресе ала ма?

«Нұр-Мүбәрәк» университеті, әлбетте, шетелдегі діни оқу орындарынан еш кем түспейді. Өйткені, бізде әлемге аты аян Әл-Азһар университетінен, Мысырдың өзінен таңдаулы 20 оқытушы-профессор сабақ береді. Отандық ғалымдарымыз бен теологтарымызда өз білімімен бөлісуде. Сонымен қатар, негізгі пән «Исламтануды» біз мемлекеттік тіл қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде жүргіземіз. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттеріміз толыққанды араб тілін меңгеріп шығады деп сеніммен айта аламын. Біздің студенттер діни жолда ғана емес, Сыртқы істер министрлігінде, елшілікте өз орындарын тауып жатыр.

9. Жастар арасында руханиятты дамыту керек деп бірнеше рет айттып өттіңіз. Сонда негізі қауіп қайдан келеді? Жалпы олардың діни сеніміне қатысты не айтасыз?

Соңғы кездері қауіп діни сенімнен ғана емес, «сенімсіздіктен» де туындап жатыр. Атеист жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Дәстүрлі рухани құндылықтардан алыс, батыс өркениетіне еліктеушілер де жетерлік. Ал ұлттық идеалогиясы жоқ жастар еліміздің ертеңіне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сол үшін біз оларды рухани аштыққа жеткізбей, олардың тәлім-тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.

10. Уақытыңызды бөліп, ел аузында жүрген өзекті сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін үлкен рахмет! Сөз соңында оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз.

Оқырмандарға айтарым, дін – сан қырлы, терең ғылым. Адасып кету оңай, сондықтан діни сауатыңызды арнайы маманмен ашыңыз. Мешіттерде сәйкес бұйрықпен тағайындалған, сауатты имамдарға жүгінсеңіз болады. Интернет желісінде абай болыңыз! Тек ресми ақпарат көздеріне сенім артқаныңыз абзал. Сонымен қатар, сенім телефондары: 114 нөміріне телефон шалсаңыз болады.

 Материалды «Нұрлы Бағдар» Қоғамдық Қоры мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы бірлесіп дайындады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған