Қырғыз республикасының президенті Садыр Жапаровтан арғымақ мінген қазақ ақынының өлеңдерінде ұйқас жоқ. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев осылай деді. Ол Қырғызстанға өзінің жаяу келгенін айтып, сыйлық сұраған жігітті қазақ елін ұятқа қалдырды деп санайды.
«Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік.Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы — термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде қырғыз бауырлар екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумғы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз», — деді ол.
Әлтаев құстың қос қанатындай бауырлас едің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырлау керегін жеткізді.
«Біржан бауырымыз елге жеткенсін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын», — деді депутат.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров ақын Біржан Қалдыбаевқа арғымақ сыйлаған еді.
Дереккөз: Azattyq Ruhy
Qazaq.today