Терроризм, сепаратизм және экстремизм: Президент «үш зұлым күшке» қарсы күресті нығайту керектігін айтты

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның ортақ сын-қатер мен қауіптерді еңсеру ісіндегі әлеуетін арттыру жұмыстары дер кезінде қолға алынып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «үш зұлым күшке» қарсы күрес Ұйым ынтымақтастығының тұрақты назарында болуға тиіс деп санайды.

– Қазақстан осы бағыттағы ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам саналады. Өз кезегінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы бойынша жұмыстың аяқталуы, терроризмді қаржыландыру арналарын бұғаттауды қоса алғанда, есірткі қаупіне қарсы күресу үшін өзара қабылданып жатқан шараларды күшейте түседі. Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі келісілген және нақты шаралардың айқын дәлелі. Бұл халықаралық қатынастардың жаһандық архитектурасындағы ұстанымды нығайту, ШЫҰ-ның әлемдегі беделі мен рөлін арттыру тұрғысынан да маңызды, – деді Мемлекет басшысы.