Алматыда есірткі сақтағандары үшін 25 жастағы қос қыз ұсталды. Олардың бірі лейтенант шені бар бұрынғы тергеуші болып шықты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Бір қыздан Қарағанды облысы Полиция Департаментінің тергеушісі деген қызметтік куәлік табылған. Онда Полиция аға лейтенанты Володченко Елена Евгеньевна деп жазылған. Алайда тергеуші қазіргі уақытта полиция сапында жұмыс істемейтін болып шықты.
«Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасының қызметкерлері есірткіні заңсыз сақтады және сатты деген күдікпен 25 жастағы екі әйелді ұстады. Олардың жалға алған үйін тінту барысында есірткі заттары табылып, тәркіленді. Есірткілердің кімдікі және қайдан шыққандығы сот-химиялық сараптаманың нәтижесінде анықталатын болады», — деп хабарлады Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа да мән-жайлар анықталуда.