Теннистен ел құрамасы United Cup турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық теннисшілер Аустралияда өтіп жатқан United Cup турнирінде Грекия құрамасын ұтты, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы msports.kz сайтына сілтеп. 

Бірінші болып кортқа шыққан Александр Шевченко (78) сенсация жасады. Ол әлемнің 11-ші ракеткасы Стефанос Циципасты 6:4 және 7:6 (7:0) есебімен жеңіп шығып, маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Екінші болып кортқа шыққан Елена Рыбакина Мария Саккариді 2:0 (6:4, 6:3) айқын жеңіп шықты. Осылайша Қазақстан құрамасы ширек финалға жолдама алды.

Қазақстан құрамасы ширек финалда «Е» тобынан үздік шыққанымен кездеседі. Ол топта Қытай, Бразилия және Германия құрамалары бар. Бұл ойын 1 қаңтарға жоспарланған.

United Cup турнирінің жүлде қоры 11 170 000 АҚШ долларын құрайды. Теннисшілер жекелей және командалық жеңісі мен қатысқаны үшін сыйақы алады.

Фото: ҚФФ