Теміртаудағы тексіздік: қарияны аяусыз соққыға жыққан 9 қазақ түгел қамалды

Видеодан кадр

Қарағанды облысының Теміртау қаласында қарияны аяусыз соққыға жыққан балалар екі айға қамауға алынды. Олардың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармақшасына (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Күдікті ретінде танылған 9 адамның барлығы, оның ішінде 7 кәмелетке толмаған бала Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. 

Қылмыстық жаза 14 жастан бастап қолданылады 

Бұлтартпау шарасының ең қатаң түрінің таңдалуына қылмыстың ауырлығы негіз болды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік он төрт жастан бастап туындайтынын атап өту қажет.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды.

Қарияны ұрып қана қоймай, тонап та кеткен

Еске салайық, Теміртауда бір топ бала қарияның үйіне кіріп, оны ұрып-соғып, балағаттап тонап кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұзақылар өзін электрик ретінде таныстырған. Қария жалғыз тұрады, жақындары қайтыс болған.