Фотоколлаж: Qazaq.today
Пәтер мен құрылыс заттары қымбаттайды. Ал халықтың күн көрісі күрт нашарлайды. Экономист Мақсат Халықтың болжамы осындай. Экономистің сөзінше, доллардың өсуін Ұлттық банк білген. Бірақ тоқтаусыз қымбаттап бара жатқан долларды ауыздықтауға биліктің қауқары жетпей отыр, деп хабарлайды Qazaq.today.
Оның сөзінше, теңгеге қысым түсіп тұрғанын билік білген және 1 доллардың 500 теңге болатынын анық болжаған.
«Бірақ, доллардың 500 теңгеден асып кетеді деп ойламаған шығар. Негізгі соңғы себеп, ресей рублінің құнсызданып кетуі, осы шешуші рөл ойнап кетті. Бірақ, оған дейін де белгілі дәрежеде жылдың басында теңгеге қысым жасалды. Жылдың басында Ұлттық қор аударымдарының 70 пайызын аударып тастаған едік. Сол кездерде айына 800 миллион доллар аударылып отырды. Оған теңге сатып алып, теңгеге күш беріліп отырды. Сондықтан да бізде теңге жылдың басында өте жақсы болды. Кейін теңге бірден 10 пайызға құнсызданып кетті, сол кезде Ұлттық қордан аударымдар екі есеге дейін қысқарды да, 400 миллион долларға дейін төмендеді. Ұлттық банк сол кезде әрекет жасап, «Казатмпром» акцияларын аламыз, ай сайын 250 миллион доллар аударып, теңгеге күш береміз деген еді. Тамыз айынан бастап интервенция жасап отырды. Оның өзі теңгеге қысым болып тұрғанын білдіреді. Демек, теңгеге күш беру үшін сондай қадамдар жасалып келді. Соңғы кезде рублдің қатты құнсыздану нарықта рөл ойнап кетті. Халық тарапынан да теңгеміз құнсызданады-ау деген күтім, ой болды», — деді экономист.
Қазір нарықта дүрбелең болып жатыр. Оның ішінде спекулянттар да бар, ойыншылар да, дақпырт ақпарат таратып жатқанда да аз емес. Оның бәрі нарықтағы көңіл күйге теріс әсер етіп жатыр.
«Ұлттық банк интервенция жасап жатыр. Алтын валюта қорынан бір миллиард теңге ақша аударды. Былай айтқанда ақшаны «жағып» жіберді деуге болады оны. Бұл теңгені ұстап тұру үшін жасалған әрекеттер. Бірақ қысым оданда басым, сондықтан алтын валюта қорынан долларды сата беру тиімсіз деп шешсе керек, теңге тағыда құнсызданып бара жатыр. Теңге тағыда құнсыздана береді деуге негіз бар. Біз рубльге қатысты теңгені күшейте алмаймыз, онда ресейдің арзан импорты біздің нарықты жаулайды да, зауыт-фабрикалар тұралап, банкрот болады. Екінші жағынан бұл (доллардың көтерілуі) билікке де тиімді болып тұр. Үндемей отырғандарының себебі, бюджет тапшылығын осы доллардың айырымынан жабамыз деген ниеттері бар, ол жасырын емес. Доллардың шарықтап бара жатқаны биліктің 100 пайыз қауқарсыздығы», — деді Мақсат Халық.
Ар-ождан рөл ойнамайды
Пәтер, азық-түлік бағасы бірден қымбаттайды. «Баға көтерілмейді, бақылау, қадағалау болады» деген түрлі мәліметтерді тарату алаңдаулы елді тек алдаусырату.
«Өйткені, бізде негізгі арматуралық өнімдерді сырттан тасимыз, бізде зауыт болса да арматураны сырттан аламыз. Оның бәрі долларға алынады. Құрылыс материалдарының көбі шеттен келгендіктен қазірде салынып жатқан үйлердің бағасы сөзсіз қымбаттайды. Осы жылдың өзінде үйдің бағасы 10 пайызға өсіп кетті. Демек, алдағы уақытта сөзсіз тұрғын үй бағасының қымбаттауына теңгенің құнсыздануы ықпал етіп отырады. Бүкіл тұрмыстық техника бағасы өседі, одан бөлек зауыттар да қажетті станоктарына шикізатты сырттан алғандықтан баға сөзсіз көтеріледі. Қазақстанда өндірілетін тауарлар, өнім де логистикаға байланысты қымбаттайды. Билік, Ұлттық банк: «халық теңгемен өмір сүреді, долларға неге мазасызданасыңдар?» деген секілді айтады. Мен онымен келіспеймін. Өйткені, шикізаттың бәрі шетелден, әрі кәсіпкерлер нарыққа қарайды. Елге қиын болады деген ар-ожданды ешкім ескермейді. Сондықтан сөзсіз қымбатшлық болады», — деп пікір білдірді экономист.
Жалақыны көтеруге билік қауқарсыз
Айтуынша, халықтың төлем қабілеті төмендейді. Билік айлықты, жалақыны көтеру керек деп санайды. Алайда, оған үкіметтің ешқандай қауқары жоқ.
«Оны көріп тұрған жоқпын. Халықты табысы өсіп жатыр дейді статистикаға қарағанда. Бізде орташа жалақы 390 мың теңге болды деп жатыр. Демек, олай болса біздегі ең төменгі жалақы 85 мың теңге емес, 135 мың теңге болу керек. Іс жүзінде басқаша. Халықтың табысы өсуі керек. Бізде табыс 5 пайызға өссе, қымбатшылық 10 пайыз болып кете береді», — деді ол.