Фото: mk.ru
Грузияда шерушілер мен полиция арасында орын алған қақтығыстан қырыққа жуық адам ауыр жарақат алды. Халық пен билік арасындағы жағдайдың ушығып кеткеніне төртінші күн. Түнде де тоқтамаған шеру кезінде 200-ден астам адам тұтқындалған, деп хабарлайды Qazaq.today.
Ria.ru мәліметінше, Тбилисидегі парламент ғимаратының алдында полицияға тас лақтырып, пиротехникалық заттарды қолданған шетелдік те ұсталған. Жергілікті БАҚ наразылық білдірушілер парламент ғимаратының алдындағы қоршауларды қағып, пиротехникалық құралдарды пайдаланып жатқанын хабарлады. Парламент ғимаратын қорғау үшін қауіпсіздік күштері мен арнайы жасақтар жұмылдырылды. Парламент ғимаратының алдында мыңдаған адам әлі шерулетіп, ұрандатып тұр. Оқиға орнында су атқыштар пайдаланылып, наразылық білдірушілер баррикадалар тұрғыза бастаған. РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, осы сағатқа дейін 200-ден астам адам ұсталған. Тұтқындалғандар арасында кәмелетке толмағандар, әйелдер, журналистер, мәдениет саласының өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері бар.
Тбилисидегі митинг кезінде зардап шеккендердің 40-қа жуығы өткен түнде ауруханаларға жеткізілді, олардың арасында демонстранттармен салыстырғанда ауыр жарақат алған полиция қызметкерлері бар, деді Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Михаил Сарджвеладзе.
«Қазіргі уақытта өткен түнде емханаларға 37 адам жеткізілді. Оның 24-і наразылық білдірушілер, 12-сі полиция қызметкерлері. Полицейлер алған жарақаттар өте ауыр, олардың жарақаттары азаматтарға қарағанда көбірек. Полиция қызметкерлері ауыр металл заттарды лақтыру салдарынан жарақат алды», — деді министр брифингте.
Оппозициялық наразылықтардың кезекті сериясы Грузияда бейсенбіде Премьер-министр Ираклий Кобахидзе елдің Еуропалық одаққа мүшелігі туралы келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтату туралы шешім қабылдағаннан кейін басталды.
Еуроодаққа қосылу туралы құжатты қарау тоқтатылған соң шеру Грузияның 8 қаласында жалғасып келеді.