Нұр-Сұлтан қаласында белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының шығармашылығына арналған кеш өтті. Зиялы қауым өкілдері ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында бас қосып, 55 жасқа толған жазушының еңбектеріне қатысты ой бөлісіп, пікір алмасты, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Жәди Шәкенұлы 1967 жылы Өр Алтайда туған. Өткен ғасырда ҚХР қарап кеткен Алтай өлкесінен 1997 жылы Атажұртқа оралған. Әдебиет және журналистика саласында – «Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде проза бөлімінің меңгерушісі, Дүниежүзі қазақтарының «Атажұрт» баспа орталығында және «Үн» журналында бас редактор, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. «Қытайдағы қазақтар», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Бозмұнар», «Арманшыл бала», «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері», «Тұлпарлар дүбірі», «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары», «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» (Сайын Борбасов, Ахмет Тоқтабаймен бірге) сынды жиырма кітаптың авторы. Шығармалары «Балалар поэзиясының антологиясы» сынды ұжымдық жинақтарға да енген.Одан бөлек құрастырған, редакциялаған еңбектері де жиырмаға жуықтайды.Жиында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі манасшы-жыршы Баянғали Әлімжанов, Толымбек Абдырайым сынды өзгеде тұлғалар жазушының еңбегіне тоқталды.
«Тәуелсіздіктің жемісі! Керемет кештің куәгері болдық. Ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен жазушының оқырмандары қатысқан рухани кеш болды. Сегіз қырлы, бір сырлы Жәкеңнің, ел біле бермейтін қасиеттері мен еңбектері туралы қатар жүрген замандастары айтып өтті. Зал толы ел үш сағат бойы қозғалмастан отырып, қол соғып құрметке бөледі. Монғолиядан келген ақын-жазушылар мен қатар ҚХР, Өзбекстан, Ресейден келген ағайындар Жәдидің еңбегіне жоғарғы баға беріп, басымызды иеміз деді. 55-ке келіп елеулі еңбек етіп, тарихи романдармен қатар балалар әдебиетіне де қалам тербеген жазушының өлеңдері оқылып, сөзін жазған әндері шырқалды. Ақындар арнау өлеңдерін оқыды. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Гүлзира Бөкейханқызы «Ағажан алтай» әнін орындап, оған Жади мырза, залдағы көрермен хормен айтып шықты. Ел бір серпіліп қалды», — деді «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қарлығаш Қожамұратова.
Ж.Шәкенұлының шығармашылығы хақында кезінде Тұрсынбек Кәкішев, Тоқтар Бейісқұлов, Мыңбай Рәш, Рахымжан Отарбаев, Темірхан Тебегенов, Зұфар Сейітжан, Жанат Ахмадиев, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Гүлмәрия Барманбекова, Абдуақап Қара, Бекқожа Жылқыбек, т.б. тұлғалар құнды пікірлер білдіріп, мақалалар жариялаған.
Жиында Генарал-лейтенант Абай Тасболатовтың, Қазақстан Жазушылар одағының, ҚР Мемлекет тарихы инситутының директоры, т.ғ.д. профессор Еркін Әбілдің, Отандастар қорының басшысы Абзал Сапарбекұлының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшысы З.Тұрысбековтың, «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қорының басшысы, ҚР ауыл шаруашылық палатасының төрағасы Асылхан Игібаевтың, ҚР Ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевтың, Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты директоры Зиябек Қабулдиновтың, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркияұлының құттықтау хаттары оқылды. Жазушы Жәди Шәкенұлының еңбектері көбінесе шетел қазақтарының тағдырына арналған
«Өмірін қазақ әдебиетіне арнаған жазушының әлі жарық көрмеген «Қайран елім», «Жұмбақ кітап», «Аққу жылаған түн» сынды кітаптары бар.Баспа саласында Асқар Татанайұлының «Ел қорғаны – Абылай», Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары», Жақсылық Сәмитұлының «Атамекен», Сейітхан Әбілқасымұлының «Қуғын», Қуанған Жұмаханұлының «Құстар қайтып барады», Ырсалды Төкееваның «Ой толқыны», Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» секілді көптеген кітаптарды редакциялап, шетел қазақ әдебиетінің ата жұртта жарық көруіне көрнекті үлес қосты.Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазақстан Республикасының бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулығына, әңгімелері туралы зерттеулер мен «Шынжаң қазақ әдебиеті» еңбегі әдебиет теориясы жинақтарына кірген. Шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған», — деді жиында сөз алған қонақтар.