Күніне кемі елу миллион теңге шетелге аударылады. Бұл тек ірі қалаларда такси қызметін ұсынатын бір ғана шетелдік компанияға тиесілі сома. Еліміздегі ірі мегаполис саналатын төрт қаланың өзінде ғана шетелдік компанияларға қызмет жасайтын он мың такси жүргізушісі бар, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы. Олар табыстарының 22 пайызын шетелдік компанияларға төлейді. «Қайырымды жан» қоғамдық қайырымдылық қорының ақпаратынша шетелге аударылып жатқан қаражатты елде қалдырудың жолы отандық такси қызметін енгізу. Қордық ақпаратынша еліміздің алты қаласында такси қызметінің жаңа түрі іске қосылады.
«Қайырымды такси» отандық мобильді қосымшасы іске қосылады. Еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Орал, Ақтөбе қалаларының тұрғындары 16 желтоқсаннан бастап «Қайырымды такси» мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді бағаға отандық такси шақырып, пайдалана алады. Жобаның мақсаты — такси қызметінен түскен қаражаттың 7 пайызын еліміздегі тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, әлеуметтік жағдайы жоқ жалғызбасты, көпбалалы аналарға, науқас балаларға жұмсау. Біз тек жүргізушілерден табысының 13 пайызын ғана ұстап отырамыз. Оның жартысына жуығы қайырымдылық шараларына жұмсалады», — деді қордық жетекшісі Әсет Болатбеков.
Қор қызметкерлерінің сөзінше, бұдан былай әйелдерді, балаларды тасуға арналған такси қызметінің түрі де жұмыс істей бастайды. Ал клиенттер такси қызметіне қатысты қандайда бір шағымды тікелей қордың басшыларына хабарласып, айта алады.
«Он мың такси жүргізушісі күніне орташа есеппен 250 миллион теңге табыс табады. Табыстың 22 пайызын компанияға береді. Сонда күніне 54 миллион теңге шетелге шығып жатыр. Олардың бір ғана мақсаты Қазақстаннан табыс тауып кету. «Қайырымдылық такси» қызметіне жүргізушілерді аларда міндетті түрде сотталмағаны, қылмысқа қатысының жоқтығын анықтап, құжаттарды сұраймыз. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасызу ету. Шетелдік компаниялардың қызмет көрсету қосымшаларымен біздікі бірдей. Тәуелсіздік күні Алматыда жүзден астам такси жүргізуші жолға шығады», — деді «Қайырымды Жан» ҚҚҚ Алматы филиалының өкілі Нұрсерік Битанов.