Таразда жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп қашқан күдікті ұсталды

Тараз қаласында жаяу адамды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жігіт ұсталды. Тәртіп бұзған жүргізуші жолдың жиегінде отырған адамды қағып кеткен, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі. Оқиға 19 қарашада түнгі сағат 23:25-те Тараз қаласының Төле би көшесінде болған. 38 жастағы тұрғын көлік қаққан жерде қайтыс болып кеткен. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған) сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде бейнебақылау камераларының көмегімен жедел-іздестіру жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері «Toyota Alphard» маркалы автокөліктің иесін тапты. Ол Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Жүргізушінің қатысуымен тергеу әрекеттері, соның ішінде тергеу эксперименті жүргізілуде. Себебі соққы тұман жағдайында жасалған. Сараптамадан кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шаралар қабылданады», — деді ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.