Маңғыстау облысындағы Оймаша полигонында командирдің қолынан қаза тапқан 19 жастағы сарбаздың әкесі тағыда әділдікті талап етті. Марат Бақұловтың әкесі ұлын өлтірген адам қатал түрде сотталу керек деп санайды.
Ербол Бақұлов кеше ұлын жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Ұлымның өліміне байланысты сот отырысы Бишімбаевты соттағандай ашық өткенін қалаймын. Кеше баламның армиядағы жолдастарымен сөйлестім. Олар ұлымды атып тастаған уақытта полигондағы палаткада бірге болған, трагедияның куәгерлері. Мен сұраған кезде көздерін тайдырып әкетеді, адамның көзі ешқашан алдамайды. Олар бала ғой, қорқытып тастаған. Бәрі бір әңгімені айтады», -деді әскерде қаза тапқан сарбаздың әкесі.
Әділдік іздеген әке ұлының суретін де жариялады. Марқұмның әкесі қолында бір сарбаздың ғана басқаша сөйлеген аудиосы барын айтты. Ал қалған әскерлерді қорқытып тастаған. Оның сөзінше, командир тапаншаны қасақана оқтаған.
«Бірінші рет көздегенде жай ғана «тық» еткен дауыс шыққан, сосын қайтадан күшпен оқтап, Маратты көздеген, сол сәтте оқтың дауысы шыққан. Ол кезде Марат Дамилмен сөйлесіп тұрған еді», — деді марқұмның әкесі Ербол Бақұлов.
7 қыркүйекте Оймаша полигонында гвардия лейтенанты ПМ 9 мм тапаншадан заңсыз оқ атып, қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловты өлтірген еді.