Тамағын тартып алып, ақша бопсалап келген: Балалар уәкілі дабыл қақты

Фото: pixabay

Алматы облысында мектептерде оқушыларға көрсетілген қорлықтың жаңа фактілері анықталды. Динара Зәкиева бастаған тексеру комиссиясының мәліметтері бойынша, мектептерде балалардан ақша бопсалау, тамақ тартып алу және буллинг жағдайлары болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, уәкілетті органдар мен Балалар құқықтарын қорғау комитеті өңірдегі жеті аудан мектебін тексеріп, анонимді сауалнама мен талдау жүргізген. Қорытындысы – алаңдатарлық: Іле, Қарасай, Балқаш, Талғар, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарындағы мектеп оқушылары ақша бопсалау, буллинг, күш көрсету, тіпті мұғалім тарапынан зорлыққа тап болғандарын айтқан.

«Еңбекшіқазақ ауданында екі оқушы дене жарақатынан кейін ауруханаға жеткізілген. Кейбір мектептерде жоғары сынып оқушылары кіші сыныптағы балалардан ақша мен тамақ тартып алып, қорқытып келген. Балалар тіпті анонимді Instagram парақшалар арқылы кибербуллингке ұшырағандарын хабарлағанымен, тиісті көмек көрсетілмеген», — деді Зәкиева.

Зерттеу барысында мектеп әкімшілігінің көптеген жағдайларды тіркемей, жасырып қалуға тырысатыны, ал профилактикалық жұмыс мүлде жүргізілмейтіні анықталды. Кей мектептер сауалнамада балалардың өздері көрсеткен заң бұзушылықтарды ресми есепте «0%» деп белгілеген.

Бұл деректер облыс әкімдігіне, құқық қорғау органдарына және білім басқармаларына жолданатын арнайы есепте көрсетілмек. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өңірлік білім беру саласында түбегейлі реформа қажеттігін атап өтті.