Шерзат Болат өлімі ісі бойынша куәгер Эльмира Нұрбекова сот залында жауап беруін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
1992 жылы дүниеге келген Эльмира Нұрбекованы сотталушылардың бірі кафеге шақырған. Олар алдымен бірге отырып, кейін дүкен алдына барған. Сол жерде болған жанжал кезінде Эльмира жігіттерді сабырға шақырып, жанжалды тоқтатуға тырысқанын бұған дейінгі сот отырыстарында айтқан еді. Жәбірленушілердің қорғаушысы сотта Нұрбековадан Шерзат Болаттың денесіне пышақтың қай жерге сұғылғаны туралы мәліметті қайдан білгенін сұрады.
«Оқиғадан кейін бізді сол маңда екі күн ұстап отырды. Тамақ та, ұйқы да болмады. Бізден жүзге жуық адам жауап алды. Қандай сұрақтарға жауап бергенім есімде жоқ. Мен жауапты орыс тілінде бердім, олар қазақшаға аударып жазды. Сол кезде менің жалғыз ойым тезірек қол қойып, үйге қайту болды», — деді куәгер сотта.
Сондай-ақ, адвокат былтыр қазанда Эльмира Нұрбековадан алынған жауаптың бейнежазбасын іске қосу туралы өтініш жасады. Оның айтуынша, жауап алу кезінде куәгер қазақ тілінде сөйлеген. 11 қазан күні түсірілген видеода Эльмира Нұрбекованың жауабы жазылған.